Жаңалықтар

КОЛЛЕДЖДЕРГЕ 150 МЫҢ ГРАНТ БӨЛІНДІ

Жаңа 2024–2025 оқу жылында еліміздегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына 150 мың мемлекеттік білім беру гранты бөлінді. Бұл – жұмысшы мамандықтарының жылы аясында қолға алынған ауқымды шаралардың бірі. Биылғы ерекшелік – сұранысқа ие техникалық салаларға басымдық берілгені. Гранттар геология, машина жасау, энергетика, ақпараттық технологиялар, металлургия және көлік сияқты негізгі бағыттарға арналды.

Құжат қабылдау науқаны еліміздің барлық өңірінде басталып, тамыз айының соңына дейін жалғасады. Талапкерлерге egov.kz порталы арқылы немесе колледжге барып тікелей 4 мамандық пен 4 колледжді бір уақытта таңдау мүмкіндігі берілген. Бұл ретте, кәсіби біліммен қатар, қосымша табыс табуға да жол ашылып отыр.

Қазіргі таңда елімізде 445 мемлекеттік колледж жұмыс істейді. Соның жүзге жуығы өз өнімдерін шығарып, ақылы қызметтер көрсетеді. Мәселен, жиһаз бен тігін өндірісі, наубайхана мен жылыжай, дәнекерлеу мен көлік жөндеу бағыттары бойынша студенттер өндірістік оқыту кезінде еңбек етіп, 70-120 мың теңге көлемінде табыс таба алады.

Көкшетау жоғары техникалық колледжі осы бағытта нақты нәтижелер көрсетіп отыр. Колледждің өндірістік оқыту жұмыстары бойынша жетекшісінің орынбасары Нартай Ибраевтың айтуынша, шеберханалардың өнімдері мен көрсетілген қызметтерінен 157 млн теңге табыс түсіп, бұл қаражат оқу орнының материалдық-техникалық базасын жаңартуға, құрал-жабдықтарды жаңғыртуға және студенттердің жалақысын төлеуге жұмсалған.

Бұған қоса, алғаш рет колледж студенттерін халықаралық сертификаттау жүйесі енгізілді. Certiport платформасы негізінде іске асырылып жатқан бұл бағалау әдісі 5 колледжде пилоттық режимде жүзеге асырылуда. Аталған платформа әлемнің 152 елінде қолданылады, оның ішінде АҚШ, Канада, Австралия, Еуропа және Азия елдері бар. Елордалық политехникалық колледждің 4 студенті емтиханды сәтті тапсырып, алғашқы халықаралық сертификаттарға ие болды.

Айта кету керек, биыл техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын 170 мыңнан астам студент тәмамдады. Олардың ішінде 123 мыңы – жұмысшы мамандықтарын меңгергендер, 27 мыңы – дуалды оқыту жүйесі бойынша білім алғандар, ал 10 мыңнан астамы – кәсіпорындардың нақты тапсырысы негізінде оқығандар.

Осылайша, еліміздегі колледждер жұмысшы мамандарын даярлау ісінде халықаралық тәжірибелерге негізделген жаңа деңгейге қадам басып отыр.

Қатысты жаңалықтар

Сарыағаш: Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар баяндалды

Bastynews

Шымкент әзіл-сықақ және сатира театрының ұжымы референдумға қатысты

bastynews

ТРАНСФОРМАЦИЯ ОБРАЗОВАТЕЛЬНОГО ПРОСТРАНСТВА: В ШЫМКЕНТЕ РЕАЛИЗУЕТСЯ НАЦИОНАЛЬНЫЙ ПРОЕКТ «ШКОЛЫ БУДУЩЕГО»

bastynews