Шымкент қаласында жастардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға, тың идеялары мен бастамаларын қолдауға бағытталған «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Салтанатты шараға байқау комиссиясының мүшелері мен арнайы шақырылған қонақтар қатысты. Іс-шара барысында жеңімпаздар өз жобаларын Шымкент қаласы жастар саясаты басқармасының басшысы Әкімжан Анарбайұлына таныстырып, бастамаларының мақсаты мен жүзеге асыру тетіктерін баяндады.
Байқау қорытындысы бойынша барлық қатысушыға алғыс хаттар табысталып, жеңімпаздарға өз жобаларын жүзеге асыру үшін 1 миллион теңгелік сертификаттар берілді.
Марапаттау кешінің басты хэдлайнері – әнші, мәдениет қайраткері Асқар Жүнісбеков болды. Өнер иесі өзінің танымал әндерін орындап, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады.
Сонымен қатар концерттік бағдарламада «Шалқыма» би ансамблі, «Меруерт» триосы, «Элегант» барабан-шоу тобы және басқа да өнерпаздар өнер көрсетті.
Айта кетейік, «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауы жастардың тың идеяларын жүзеге асыруға, шығармашылық әлеуетін ашуға және қоғамның дамуына үлес қосатын бастамаларын қолдауға бағытталған.




