Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев шетелдік «LEO MASTER» ЖШС өкілімен кездесіп, өңірде электр құрылғылары мен дизельді генератор шығаратын өндірістік желіні орналастыру жөніндегі меморандумға қол қойды. Бұл бастама өңірдің өндірістік-индустриялық әлеуетін арттырып, жаңа технологияларды енгізуге жол ашатын маңызды қадам саналады.
Жобаның жүзеге асуы аудандағы кәсіпкерліктің дамуына тың серпін беріп, инфрақұрылымдық тұрақтылықты нығайтуға айтарлықтай үлес қоспақ. Инвесторлар заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған өндірістік кешен салып, сервистік орталықты іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл электр энергиясының сапасын тұрақтандыруға, тұрғындар мен кәсіпорындарды үздіксіз энергиямен қамтуға қолайлы жағдай туғызады.
Өндірістік желіде автоматты ажыратқыштар, дифференциалды қорғау құрылғылары (УЗО, дифавтоматтар), кернеу релелері, кернеуден қорғайтын модульдік жүйелер, жарық индикаторлары және басқару модульдері құрастырылады. Мұндай жабдықтар облыс пен республика көлеміндегі әлеуметтік нысандарды — мектептерді, ауруханаларды, спорт кешендерін, өнеркәсіптік кәсіпорындарды және тұрғын үйлерді электр қауіпсіздігімен қамтамасыз етуге үлкен мүмкіндік береді.
Сонымен бірге қуаты 30–1200 кВт аралығындағы дизельді генераторлар өндірілетін болады. Шағын бизнес нысандарына арналған 30–60 кВт-тық генераторлар, орта кәсіпкерлікке қажет 100–300 кВт желілері, ірі өндіріс орындарына арналған 500–1200 кВт қуаттағы генераторлар өңірдің энергия қауіпсіздігіне қосымша қорғаныс береді. Бұл өнімдер апаттық жағдайларда да үздіксіз энергиямен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Жобаның тағы бір маңызды бағыты — сервистік және техникалық қолдау орталығының ашылуы. Онда жабдықтарды монтаждау, диагностика жасау, жөндеу, жедел сервистік қызмет көрсету, кепілдік және кепілдіктен кейінгі қолдау ұйымдастырылады. Бұл аудан ғана емес, бүкіл өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын күшейтіп, техникалық қызмет көрсету сапасын арттыра түседі.
Инвестиция көлемі 750 млн теңгені құрайтын жоба аясында 20-дан астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Өндірістік база арнайы жоғары дәлдіктегі станоктармен, сынақ стендтерімен және монтаж алаңдарымен жарақтандырылады. Бұл мамандардың кәсіби деңгейін көтеруге, жергілікті кадрларды оқытуға және жаңа технологияларға бейімдеуге мүмкіндік береді.
Жобаның іске асуы Ордабасы ауданының индустриялық даму қарқынын күшейтіп, өңірге жаңа инвесторларды тартуға қосымша стимул болмақ. Сонымен қатар, ауданның энергетикалық қауіпсіздігі артып, өңір экономикасының тұрақты өсіміне қолайлы жағдай қалыптасады.
