2025–2026 жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкент қаласында дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы бастау алды. Бұл акция ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен жыл сайын өткізіліп келеді және әлеуметтік осал топтардағы балалардың мектепке толық дайындықпен баруын қамтамасыз етуге бағытталған.
Биыл Шымкент қаласында аталған акция аясында 56 430 оқушыны қажетті оқу құрал-жабдықтарымен, мектеп формасымен қамтамасыз ету жоспарлануда. Бұл санатқа келесі әлеуметтік топтағы балалар кіреді:
- атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын отбасылардан шыққан оқушылар;
- ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
- атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, алайда жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардағы балалар;
- сондай-ақ көп балалы отбасылардан шыққан және өзге де әлеуметтік осал топтардан шыққан оқушылар.
Әр балаға 46 500 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсету көзделіп отыр. Бұл қаражат мектеп формасын, сөмке, кеңсе тауарлары мен қажетті оқу құралдарын сатып алуға бағытталады. Жалпы жоспарланған қаржы көлемі – 2,6 миллиард теңге.
Акцияның негізгі мақсаты – білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, балалардың мектепке баруына әлеуметтік кедергілерді жою және қоғамдағы қайырымдылық мәдениетін ілгерілету. Қазіргі таңда білім беру ұйымдары, жергілікті атқарушы органдар, демеушілер мен еріктілер белсенді атсалысуда. Сонымен қатар, Шымкент қаласы әкімдігі мен қалалық білім басқармасы барлық жауапты құрылымдармен бірлесе отырып, көмекке мұқтаж балаларды дер кезінде қамтуды қолға алған.
«Мектепке жол» акциясы шеңберінде балаларға тек материалдық көмек емес, моральдық қолдау көрсету де көзделген. Себебі әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары қатарластары секілді жаңа оқу жылын қуанышпен қарсы алуға, өзін еркін әрі сенімді сезінуге тиіс. Бұл – еліміздің болашағы – жас ұрпақтың лайықты білім алуына жасалған нақты қадам.
Қала тұрғындары мен кәсіпкерлерді, жеке және заңды тұлғаларды акцияға белсенді қатысуға, қолдау көрсетуге шақырамыз. Қайырымдылық – ұлт болашағына жасалған инвестиция. Бүгінгі көмегіңіз – ертеңгі ел үмітіне айналатын шәкірттің жарқын жолына жолдама.
Қосымша ақпарат пен қолдау көрсету жолдары туралы мәліметтер қалалық білім басқармасының ресми ресурстарында жарияланады. Көмек көрсетемін деуші азаматтар білім беру ұйымдарына немесе жергілікті әкімдіктерге тікелей жүгіне алады.
Балалар – біздің болашағымыз. Әр бала мектепке лайықты баруы тиіс!