Жаңалықтар Мәдениет

ТҮРКІСТАНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «ZANDY KÚLKІ» ЖАЙДАРМАН ОЙЫНЫ ӨТТІ

Түркістан қаласында «Заң мен тәртіп» жобасы аясында Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің республикалық «ZANDY KÚLKІ» жайдарман ойыны өтті.

Шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Қазақстан Республикасының Қаржы мониторингі агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев қатысып, командаларды құттықтап, жастардың шығармашылық белсенділігін қолдаудың және мәдени бастамаларды дамытуға бағытталған жобалардың маңызын атап өтті. Олар жастардың құқықтық мәдениетін арттыру, өнер арқылы ой еркіндігін дамыту және қоғамдағы позитивтік белсенділікті ынталандыру бүгінгі қоғам үшін маңызды екенін жеткізді.

Жайдарман ойыны жас таланттарды таныту, шығармашылық қабілеттерін шыңдау және елде бәсекеге қабілетті мәдени буын қалыптастыруға үлес қосу мақсатында ұйымдастырылды. Өнер додасын Қазақстан КВН Одағы РЖҚБ президенті Есентүгел Елеукен жүргізіп, кештің көңіл-күйін ерекше көтерді, қатысушылардың сахналық өнерін көрермендерге ұғындыруда шеберлік танытты.

Биыл республиканың әр өңірінен іріктелген 12 команда сахнада өнер көрсетті. Олар: «Жеңіс», «Q» құрамасы, «Меркістан», «Зертас», «Ату мини», «Сұрап алмадық», «Алма кю», «Абибас», «Абырой», «Джеки Шаңырақ», «Киров», «Эверест» құрамалары. Әр команда өз стилін, әзіл деңгейін, сахналық мәдениетін және шығармашылық ұстанымын ортаға салып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Командалар өз қойылымдарында заманауи тақырыптарды, қоғамдағы өзекті мәселелерді әзіл-сықақ арқылы жеткізіп, құқықтық мәдениет пен азаматтық жауапкершіліктің маңызын насихаттады.

Ойын соңында қазылар алқасы әрбір команда өнерін жан-жақты сараптады. Әзіл мазмұнының өзектілігі, актерлік ойын, сахналық мәнер, көрерменге жеткізу деңгейі – негізгі бағалау өлшемдері болды. Қазылар команда мүшелерінің кәсібилікке ұмтылысы, сахналық шеберлігі мен шығармашылық ерекшеліктерін жоғары бағалады. Сонымен қатар, эстафеталық ойын форматында командалар арасындағы өзара байланыс, бірлесіп жұмыс жасау қабілеті де назардан тыс қалмады.

Жастар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға және өнер арқылы бірлік идеясын дәріптеуге бағытталған бұл республикалық дода өз мәресіне жетіп, жеңімпаздарға Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының кубогі табысталды. Жеңімпаздар ұйымдастырушылар белгілеген сыйлық қоры аясында марапатталды. Сонымен қатар, байқауға қатысқан барлық командаларға арнайы алғыс хаттар және естелік сыйлықтар берілді.

Шараның соңында қатысушылар мен көрермендер ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, мұндай мәдени және тәрбиелік мәні бар жобаларды тұрақты түрде өткізу қажеттігін атап өтті. «ZANDY KÚLKІ» республикалық жайдарман ойыны жастарды шығармашылыққа баулып қана қоймай, құқықтық мәдениетті дамытуға, позитивті қоғамдық белсенділікті арттыруға және Қазақстандағы достық, бірлік идеясын дәріптеуге зор үлес қосатын маңызды платформаға айналғанын көрсетті.

Қатысты жаңалықтар

ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МӘСЕЛЕСІ ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН ТОЛЫҒЫМЕН ШЕШІЛЕДІ

Bastynews

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ КӘСІПОРЫНДАРЫ 2025 ЖЫЛҒЫ ҰЛТТЫҚ БАЙҚАУЛАРДА ҮЗДІК АТАНДЫ

bastynews

ТҮРКІСТАН: ТЕРІСКЕЙГЕ КӨШУДІҢ ТИІМДІ ТҰСЫ КӨП

Bastynews