Қазақстан ғылымының тарихында елеулі оқиға орын алды: тұңғыш рет қазақстандық жоғары дәлдіктегі телескоп Чили Республикасындағы Obstech халықаралық астрономиялық обсерваториясына орнатылды. Бұл ауқымды жоба 2018 жылдан бастап жүзеге асып келе жатқан Фесенков атындағы Астрофизика институты мен Сантьяго университетінің ғылыми ынтымақтастығының нәтижесі болып табылады.
Телескоп әлемдегі ең қолайлы астрономиялық аймақтардың бірі – Атакама шөліндегі обсерваторияға орналастырылды. Бұл өңір – Оңтүстік жартышардағы астрономиялық зерттеулер үшін ең тиімді орындардың бірі. Атакама шөлі өте құрғақ әрі биік аймақта орналасқан, атмосфералық булану мен шаң-тозаң жоқтың қасы, осының арқасында аспан денелерін бақылауға еш кедергі жоқ. Обсерваторияда қазірдің өзінде 140-тан астам телескоп бар, олардың 60%-ы АҚШ-қа тиесілі. Қазақстандық жаңа телескоп олардың арасында ең үлкендерінің бірі болып саналады – оның айнасының диаметрі 1 метр.
Маусым айының соңында орнатылған телескоп алғашқы ғылыми мәліметтерді Қазақстанға жіберіп үлгерді. Бұл құрал – толықтай автоматтандырылған жүйе: оған бір айлық зерттеу бағдарламасы алдын ала жүктеліп, әрбір ашық түнде деректерді өз бетінше жинақтап отырады. Барлық ақпарат кең жолақты интернет (4 гигабитке дейінгі жылдамдықпен) арқылы отандық ғылыми мекемелерге онлайн режимде жолданады. Бұл – аса жаңа жұлдыздардың жарылыстары немесе гамма-жарқылдар сияқты уақыт жағынан қысқа әрі маңызды астрономиялық құбылыстарды нақты әрі дер кезінде бақылауға мүмкіндік береді.
Бұл ғылыми жобаның тағы бір маңызды тұсы – қазақстандық студенттер үшін бірегей тәжірибелік алаң ретінде қызмет атқара алуы. Телескоптың көмегімен жас зерттеушілер нақты уақыт режимінде астрономиялық нысандарды зерттеп, өз жобаларын халықаралық деңгейде дамытуға мүмкіндік алады. Қазіргі таңда бұл құрылғымен Назарбаев Университеті мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері мен жас ғалымдары жұмыс істеп жатыр.
Чилиде телескоп орнату – қазақстандық астрофизика саласының жаңа дәуірі. Бұл – тек бір елдің емес, халықаралық ғылыми қауымдастықтың үлкен жетістігі.
Мұндай бастамалар отандық ғылым мен білімнің сапасын арттырып, Қазақстанды халықаралық ғылыми картада айшықтауға сеп болады. Сонымен қатар бұл – ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі қолдап отырған маңызды бағыттардың бірі – іргелі ғылымды дамыту мен халықаралық ғылыми интеграцияның жарқын үлгісі.