Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен Ордабасы ауданында «Қайырымды іс – жан азығы» акциясы аясында мейірімділік пен қамқорлықты насихаттауға бағытталған тағылымды іс-шара өтті.
Акцияның басты міндеті – ерекше балалар мен олардың отбасыларына қолдау көрсету, қоғамдағы қайырымдылық мәдениетін нығайту және әлеуметтік жауапкершілікті арттыру. Сонымен бірге қайырымдылыққа үлес қосып, өзгеге қолдау көрсетіп жүрген азаматтардың игі бастамаларын көпшілікке танытуға басымдық берілді.
Іс-шара барысында қайырымдылық бағытында белсенділік танытып жүрген азаматтардың жасаған игі істері насихатталып, олардың қоғамға көрсетіп отырған қолдауы үлгі ретінде ұсынылды. Бұдан бөлек ерекше балалардың шығармашылығы мен жетістіктерін бейнелейтін фотокөрме ұйымдастырылып, көрермендер назарына ұсынылды.
Акцияның мәні – қайырымдылықты бір реттік көмек ретінде емес, қоғамның тұрақты құндылығы ретінде қалыптастыру. Айналамыздағы адамдарға көңіл бөлу, қиындыққа тап болған жанға қол ұшын созу, баланың қабілетіне сенім білдіру – үлкен өзгерістерге бастайтын қарапайым қадамдар.
Әсіресе ерекше балаларға қолдау көрсету – олардың қоғаммен етене араласуына, өз мүмкіндіктерін ашуына және болашаққа сеніммен қарауына ықпал ететін маңызды бағыт. Ал отбасыларына көрсетілген жанашырлық – олар үшін үлкен моральдық қолдау.
Қайырымдылық – адамның жүрегіндегі мейірімнің нақты көрінісі. Жақсылық жасаған сайын қоғамда жылылық артып, адамдар арасындағы өзара сенім мен сыйластық беки түседі.
«Қайырымды іс – жан азығы» акциясы аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, қайырымдылық пен қамқорлықты қажет ететін азаматтарға қолдау көрсетуге бағытталған игі бастамалар жүзеге асырыла береді.



