Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында заң үстемдігі мен азаматтардың қауіпсіздігі – ел дамуының басты кепілі екенін атап өткен болатын. Осы бағыттағы жұмыстар аясында Түркістан облысы, Бәйдібек ауданында тұрғындардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыруға арналған семинар-кездесу өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – халықтың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, қаржылық сауаттылық деңгейін көтеру және интернет-алаяқтықтың алдын алу.

Кездесу барысында тұрғындарға несие рәсімдеу талаптары, қаржылық міндеттемелерді тиімді басқару, алаяқтық схемаларынан сақтану жолдары мен азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері кеңінен түсіндірілді. Семинарға «Қарызсыз қоғам» жобасының Түркістан облысы бойынша үйлестірушісі, заңгер Жандос Әзімбай, «Бәйтерек» жастар ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, заңгер-кеңесші Ролан Қонысбеков және PhD доктор, доцент, психолог Салтанат Асанова қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Мамандар құқықтық және қаржылық сауаттылықтың қоғам тұрақтылығы мен азаматтардың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті. Сонымен қатар, қаржылық сауатсыздықтың әлеуметтік және психологиялық салдары жөнінде де жан-жақты пікір айтылды. Кездесу соңында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды. Қатысушылар мұндай ашық диалог алаңдарының маңызы зор екенін айтып, осындай іс-шараларды тұрақты түрде өткізуді қолдады.
