Түркістан облысында 2025 жылғы егін жинау науқанының қорытындысы жарияланды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың бақылауымен су үнемдеу технологияларын енгізу арқасында егін көлемі артты және ауыл шаруашылығы тұрақты дамуда. Биыл жалпы егіс көлемі 907 мың гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 34 мың гектарға көбейген.
Аудан-қалалар арасында егіс көлемі бойынша Отырар ауданы (20,8 мың га), Арыс қаласы (9,2 мың га) және Сарыағаш ауданы (6,5 мың га) көш бастап тұр. Дәнді дақылдар – 342 мың гектар (+9,8 мың га), мақта – 144,5 мың гектар (+38,1 мың га), майлы дақылдар – 73 мың гектар (+2,4 мың га), ал бақша дақылдары мен көкөніс көлемі аздап қысқарған.
Су үнемдеу технологиялары – стратегиялық басымдық. Тамшылатып және жаңбырлатып суару арқасында өнімділік артты, ал су тұтыну көлемі екі есе азайды. Мәселен, мақта дақылының өнімділігі екі есеге өсті, ал күріш дақылы алғаш рет пилоттық түрде тамшылатып суарылып, гектарына 4–5 тонна өнім берді. Дәстүрлі әдіспен салыстырғанда бұл көрсеткіш 1,3–1,5 есе жоғары.
Аграрлық секторды несиелендіру күшейтіліп, 2025 жылдың 10 айында ауыл шаруашылығына 26,4 млрд теңге қаржы бағытталды. Бұл қаражат «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Оңтүстік» АИО, «Ырыс» МҚҰ және «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы шаруаларға қолжетімді несие және техника алу үшін бөлінді.
Облыстағы ауыл шаруашылығы техникасының жалпы саны 25 мың бірлікті құрайды, оның ішінде 16 мың трактор, 1,8 мың комбайн және 11,6 мың түрлі қосалқы агрегаттар бар. Биыл шаруалар 1 531 жаңа техника сатып алды, бұл техника паркін 8,8%-ға жаңартты. Жыл соңына дейін жаңарту көрсеткіші 10%-ға дейін жетеді деп күтілуде.
Сонымен қатар, Жетісай ауданында «Мақталы Жер» ЖШС және «Мырзакент-Агро» ЖШС арқылы машиналық-технологиялық станциялар (МТС) құрылып, жергілікті агроқұрылымдарға қолжетімді бағада қызмет көрсету, жаңа технологияларды енгізу және өнімділікті арттыруға мүмкіндік жасалды.
Жалпы, биылғы егін жинау науқаны сәтті өтті:
- Дәнді дақылдар – 695 мың тонна (2024 ж. – 860,9 мың тн.)
- Майлы дақылдар – 54 мың тонна (2024 ж. – 73 мың тн.)
- Көкөніс – 1,2 млн тонна
- Картоп – 298 мың тонна (2024 ж. – 284,5 мың тн.)
- Бақша дақылдары – 1,7 млн тонна (2024 ж. – 1,8 млн. тн.)
- Мал азықтық дақылдар – 5,2 млн тонна (2024 ж. – 6,5 млн. тн.)
- Мақта – 428 мың тонна (2024 ж. – 302 мың тн.)
Су үнемдеу технологиялары енгізілген 59 мың гектар алқапта өнімділік жоғары болып, суды тұтыну екі есе төмендеді. Мақта және күріш дақылдарының өнімділігінің артуы ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына және экспорт әлеуетін арттыруға мүмкіндік берді.
Түркістан облысының аграрлық саласы тұрақты даму жолында. Мемлекеттік қолдау шаралары, заманауи технологияларды енгізу және шаруалардың еңбекқорлығы өңірдің аграрлық әлеуетін арттыруда шешуші рөл атқаруда. Алдағы жылдары бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, өнімділік пен сапа одан әрі артады.
