Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Заң үстемдігі орнықпай, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Бұл – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты шарты», – деп атап өткен болатын. Аталған ұстаным бүгінде қоғам үшін айрықша маңызға ие. Себебі құқықтық мемлекет қалыптастыру жолында азаматтардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру – уақыт талабы. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар аясында Түркістан облысының Түлкібас ауданы тұрғындарына арналған құқықтық және қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған мазмұнды семинар-кездесу өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – халықтың күнделікті өмірде жиі кездесетін құқықтық және қаржылық мәселелер бойынша білімін жетілдіру, азаматтардың құқықтық қорғалу деңгейін арттыру және қаржылық алаяқтықтың алдын алу. Кездесу барысында қатысушыларға несие рәсімдеу шарттары, қаржылық міндеттемелерді сауатты басқару, интернет-алаяқтықтан қорғану тәсілдері, борыштық жүктемені азайту жолдары және азаматтардың өз құқықтарын заң аясында тиімді қорғау тетіктері жан-жақты түсіндірілді. Практикалық мысалдармен толықтырылған ақпарат тұрғындар үшін пайдалы әрі қолжетімді форматта ұсынылды.


Іс-шараға арнайы шақырылған сарапшылар қатарында «Қарызсыз қоғам» жобасының Түркістан облысы бойынша үйлестірушісі, заңгер Жандос Әзімбай, «Бәйтерек» жастар ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, заңгер-кеңесші Ролан Қонысбеков, сондай-ақ PhD доктор, доцент, психолог Салтанат Асанова болды. Мамандар өз тәжірибелерімен бөлісіп, тұрғындардың сұрақтарына нақты жауаптар берді. – Құқықтық және қаржылық сауаттылық – әр азаматтың жеке қауіпсіздігі мен әлеуметтік тұрақтылығының негізгі кепілі. Әр адам өз құқығын біліп қана қоймай, оны заң аясында тиімді қорғай алуы қажет. Біздің басты мақсатымыз – тұрғындарға нақты бағыт-бағдар беріп, құқықтық қолжетімділікті арттыру, – деді заңгер Жандос Әзімбай. Ал психолог Салтанат Асанова қаржылық сауатсыздықтың әлеуметтік және психологиялық салдарына тоқталды. – Қаржылық білімнің жеткіліксіздігі тек материалдық қиындықтарға ғана емес, психологиялық күйзеліске, отбасылық келіспеушіліктерге және лудомания секілді тәуелділіктерге де алып келуі мүмкін. Сондықтан қаржылық тәртіп пен эмоционалдық тұрақтылықты қатар дамыту – бүгінгі қоғамның басты қажеттіліктерінің бірі, – деді маман. Аталған кездесудің модераторлығын Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Асыл Сәтпайұлы Нұрлыбай жүргізіп, мұндай ақпараттық-түсіндіру шараларының қоғам үшін маңызына ерекше тоқталды. Сонымен қатар тұрғындарды құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, қаржылық жауапкершілікті арттыруға және заң талаптарын сақтауға шақырды. Іс-шара соңында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, білікті мамандардан нақты әрі мазмұнды жауаптар алды. Қатысушылар мұндай ашық диалог алаңдарының қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтті.
