Шымкент қаласының Қаратау ауданында NOEXTREMISM, NOTTERRORISM жобасы аясында Сайрам медициналық колледжінің студенттерімен ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.
Іс-шараның мақсаты – жастар арасында экстремизм мен терроризмнің алдын алу, діни және құқықтық сауаттылықты арттыру, радикалды идеологиялардың қауіптілігін түсіндіру және жас ұрпақтың саналы дүниетанымын қалыптастыру.
Кездесуге теолог мамандар Тайтелиев Фаизулла Тажмухамедович, Оспанов Дәлелхан Қоңырбайұлы және Рысбеков Кенжебек Төребаевич қатысып, студенттерге экстремизм мен терроризмнің қоғамға тигізетін кері әсері, радикалды идеологиялардың таралу ерекшеліктері және олардың алдын алу жолдары жөнінде түсіндірді.
Спикерлер жастардың әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігіндегі ақпараттарға сыни тұрғыдан қарауы, жалған ақпарат пен қауіпті идеологияларды ажырата білуі, сондай-ақ діни мәселелер бойынша сенімді ақпарат көздеріне жүгінуі маңызды екенін атап өтті.
Кездесу барысында қоғамдық келісімді сақтау, жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыру және бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту мәселелері де талқыланды.
NOEXTREMISM, NOTTERRORISM жобасы аясындағы мұндай кездесулер жастардың ақпараттық және діни сауаттылығын арттыруға, экстремизм мен терроризмнің алдын алуға және қауіпсіз қоғам қалыптастыруға бағытталған.



