Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Заң үстемдігі орнықпай, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Бұл – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты шарты», – деп атап өткен болатын. Аталған ұстаным бүгінде қоғам үшін аса маңызды бағыттардың біріне айналып отыр. Себебі құқықтық мемлекет қалыптастыру жолында халықтың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру – уақыт талабынан туындаған маңызды міндет.

Осыған орай Түркістан облысы, Созақ ауданында тұрғындардың құқықтық және қаржылық мәдениетін арттыруға бағытталған мазмұнды семинар-кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық білім деңгейін көтеру, қаржылық қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыру және интернет-алаяқтықтың алдын алу. Кездесу барысында қатысушыларға несие рәсімдеу тәртібі, қаржылық міндеттемелерді тиімді басқару, алаяқтық әрекеттерден қорғану жолдары, сондай-ақ азаматтардың заң аясындағы құқықтарын қорғау тетіктері жан-жақты түсіндірілді. Практикалық мысалдар мен өмірлік жағдайлар арқылы берілген ақпарат тұрғындардың ерекше қызығушылығын тудырды. Семинарға арнайы шақырылған сарапшылар қатарында «Қарызсыз қоғам» жобасының Түркістан облысы бойынша үйлестірушісі, заңгер Жандос Әзімбай, «Бәйтерек» жастар ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, заңгер-кеңесші Ролан Қонысбеков, сондай-ақ PhD доктор, доцент, психолог Салтанат Асанова болды.

Мамандар өз салалары бойынша маңызды ақпараттар ұсынып, тұрғындардың сауалдарына нақты жауап берді. Сарапшылар құқықтық және қаржылық сауаттылық – әр азаматтың жеке қауіпсіздігі мен қоғам тұрақтылығының негізі екенін атап өтті. Сонымен қатар, қаржылық сауатсыздықтың тек экономикалық қиындықтарға ғана емес, психологиялық күйзеліс пен әлеуметтік мәселелерге де әсер ететіні кеңінен айтылды. Іс-шара соңында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, кәсіби мамандардан нақты кеңестер алды. Қатысушылар мұндай ашық форматтағы кездесулердің қоғам үшін маңызы зор екенін айтып, алдағы уақытта да осындай танымдық әрі пайдалы іс-шаралардың тұрақты ұйымдастырылуына қолдау білдірді.
