Ақпарат Басты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: КЕЛЕС АУДАНЫНДА 2,5 МЛРД ТЕҢГЕЛІК ЖОБА ІСКЕ ҚОСЫЛУҒА ЖАҚЫН

Түркістан облысының Келес ауданына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Али Бектаев, Мұрат Қадырбек, Әлішер Сатыбалдиев, сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Темір Қырықбаев арнайы жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында халық қалаулылары Жүзімдік елді мекенінде бой көтеріп жатқан минералды су өндіру зауытының құрылыс барысымен танысты.

▪️Депутаттарға жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі, өндірістік қуаты, құрылыс кезеңдері мен іске қосу мерзімдері туралы толық ақпарат берілді. Қазіргі таңда нысанның құрылыс жұмыстары толық аяқталып, заманауи талаптарға сай жоғары технологиялық құрал-жабдықтар жеткізілген. Бүгінде өндірістік желілерді монтаждау, автоматтандырылған жүйелерді орнату және іске қосу алдындағы сынақ жұмыстары жүргізілуде.

▪️Жобаның іске асуы өңір үшін маңызды экономикалық серпін болмақ. Сенат және Мәжіліс депутаттары өндіріс орнының ауылдық жерде орналасуы жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға, шағын және орта бизнестің дамуына, сондай-ақ аудан экономикасының нығаюына оң әсер ететінін атап өтті. Сонымен қатар, мұндай инвестициялық жобалар Мемлекет басшысының өңірлерді дамыту, экономиканы әртараптандыру және өндіріс көлемін ұлғайту жөніндегі тапсырмаларына толық сәйкес келетіні айтылды.

▪️Аталған жоба аясында «SunDala» брендімен табиғи минералды су және лимонадтық сусындар өндіру жоспарланған. Инвестиция көлемі 2,5 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын толық қуатында жұмыс істей бастаған кезде 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, олардың басым бөлігі жергілікті тұрғындар болады. Өндірілетін өнімдер ішкі нарықпен қатар шет елдерге экспорттауға бағытталып, аймақтың экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

▪️Сонымен қатар, зауыттың өндірістік қуатын кезең-кезеңімен ұлғайту көзделіп отыр. Осыған байланысты инвесторлар қойма және логистикалық инфрақұрылым салу үшін қосымша жер теліміне қажеттілік бар екенін жеткізді. Бұл мәселе бойынша Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев заң талаптарына сәйкес тиісті қолдау көрсетілетінін, жер телімін бөлу және инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты қарастырылатынын айтты.

▪️Жұмыс сапары барысында депутаттар жергілікті атқарушы органдар мен инвесторлар арасындағы өзара тиімді әріптестіктің маңыздылығына тоқталып, жобаның уақтылы әрі сапалы іске асуы өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыра түсетінін атап өтті.

▪️Кездесу қорытындысында халық қалаулылары аталған жобаны мемлекеттік деңгейде қолдау мәселелері назарда болатынын, өндіріс іске қосылғаннан кейін де даму перспективасы қадағаланып отыратынын жеткізді. Бұл бастама Келес ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, өңірде жаңа өндірістерді іске асыруға жол ашпақ.

Қатысты жаңалықтар

Мемлекет басшысы Американың бизнес өкілдерімен өткен «дөңгелек үстел» отырысында сөз сөйледі

bastynews

ТҰРҒЫНДАРҒА ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖӘНЕ ҚАРЖЫЛЫҚ ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛДІ

bastynews

САЙРАМДА ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОР ТАРАПЫНАН МАЛ ҚАЛДЫҚТАРЫН ӨҢДЕЙТІН ЗАУЫТ САЛЫНАДЫ

bastynews