Ақпарат Жаңалықтар

М.ӘУЕЗОВ УНИВЕРСИТЕТІ СТУДЕНТТЕРІНІҢ ҒЫЛЫМИ ЖЕТІСТІКТЕРІ

2025 жылы университет студенттері мен жас зерттеушілері Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Жас ғалым» гранттық қаржыландыру конкурсында 9 ғылыми жобамен жеңіске жетті. Аталған жобалар ғылым мен өндірістің түрлі бағыттарын қамтиды.

Атап айтқанда, «Құрылымдарды, құрылғыларды және процестерді мультифизикалық модельдеу» тақырыбында зерттеу жүргізген жас ғалым Абай Әбжапбаров газ тазарту жүйелерінің энергетикалық тиімділігін арттыру бағытында тың шешімдер ұсынды. Оның әзірлеген технологиясы өндірістік шаңды жою құралдарының жұмыс өнімділігін арттыруға бағытталған. Бұл әдістер құрылыс, мұнай-газ және химия салаларында кеңінен қолданылуы мүмкін.

Тағы бір сәтті жоба – Элеонора Габрильянцтің бастамасымен жүргізілген түйе сүтінен жұмсақ ірімшік өндіру технологиясын әзірлеу болды. Бұл жоба аясында зерттеуші Түркістан облысында өндірілетін түйе сүтінің химиялық құрамын зерттеп, сүттегі биоактивті пептидтердің әсерімен табиғи әрі пайдалы ірімшік өндіру жолын ұсынды. Аталған технология отандық сүт өнеркәсібіне енгізуге дайын.

ОҚЗУ ғылыми қауымдастығы халықаралық серіктестіктерді дамытуда да белсенділік танытты. Университет АҚШ-тың Rutgers университеті және Хорватияның Загреб университетімен бірлесіп, «Жасыл нанотехнология және қоршаған ортаны зондтау» тақырыбындағы ғылыми жоба бойынша жұмыс жүргізуде. Аталған бастамаға $37 813 көлемінде халықаралық грант бөлініп, зерттеулер экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.

Бұл жоба аясында студенттер мен жас ғалымдар үшін семинарлар, тәжірибелік сабақтар және халықаралық конференциялар ұйымдастырылды. Зерттеуші Муталиева Б.Ж. жетекшілігімен дайындалған дәрістер мен тренингтер қатысушылардың ғылыми-тәжірибелік әлеуетін арттыруға сеп болды.

Университет қабырғасында студенттердің ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасуда. Қазіргі таңда оқу орнында 12 студенттік ғылыми қоғам, 82 ғылыми үйірме, 3 конструкторлық және 4 технологиялық бюро жұмыс істейді. Бұл құрылымдар студенттерді нақты ғылыми жобаларға тарту, зерттеу жүргізу және стартап бастамаларын қолдау үшін тиімді алаң болып отыр.Студенттердің ХХVIII республикалық ғылыми конференциясына университеттен 146 студент қатысып, «Өмір тіршілігінің қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау» секциясында өз ғылыми нәтижелерін таныстырды. Сонымен қатар, филология факультетінің студенттері орыс тілі мен әдебиеті бағытында жоғары нәтиже көрсетіп, үздік баяндамалар авторлары ретінде марапатталды.

Қатысты жаңалықтар

Қазығұрттық шаруалар екінші өнімді өсіріп жатыр

Bastynews

«МЕНІҢ ҚАЗАҚСТАНЫМ» ОНЛАЙН-ФЕСТИВАЛІ ӨТЕДІ

Bastynews

Глава государства на встрече с представителями отечественного бизнеса поручил Правительству дополнительно проработать вопрос по ставке НДС

bastynews