Түркістан облысында көгалдандыру көлемін ұлғайту, экологиялық ахуалды жақсарту және өңірдің жасыл қорын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта Сауран ауданының Шаға ауылдық округінде, жаңа әуежайға апаратын тасжол бойында жалпы аумағы 10 гектарды құрайтын заманауи орман тұқымбағы салынуда.
Жасыл белдеуде орналасқан тұқымбақты құру жобасының тапсырыс берушісі – облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Жасыл аймақ» КММ, ал мердігер мекеме – «Нинес» ЖШС. Жоба өңірді көгалдандырудың кешенді бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр.
Құрылыс барысымен танысу мақсатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров нысанға арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын бақылап шықты. Өңір басшысы облыс аумағын көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарын тиімді әрі жүйелі іске асыру, отырғызылатын көшеттердің сапасына ерекше мән беру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде және сапалы аяқтауды тапсырды.
▪️Заманауи орман тұқымбағының негізгі мақсаты – қала, аудан орталықтары мен елді мекендерді, сондай-ақ Түркістан қаласының айналасында қалыптасып жатқан жасыл белдеуді әртүрлі қылқан жапырақты, сәндік және бұта тектес ағаш көшеттерімен толық әрі тұрақты қамтамасыз ету. Бұл бастама өңірдің экологиялық теңгерімін сақтауға және қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған.
▪️Заманауи тұқымбақ жобасы толық инфрақұрылыммен қамтылған. Нысан құрамына 6 жылыжай, бассейндер, көлеңкелеу алаңдары, тамшылатып суғару жүйесі, жылыту қазандығы, орманшыларға арналған қызметтік үй, ұңғыма, бастырма және жертөле кіреді. Қазіргі таңда нысанға газ, су және электр желілері тартылып, негізгі инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары аяқталған.
▪️Жобаның өндірістік қуаттылығы жылына 1 575 000 түп көшет өсіруге мүмкіндік береді. Нысан толық іске қосылған жағдайда 20-дан астам жаңа жұмыс орны құрылып, жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл өз кезегінде ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді.
▪️Сонымен қатар, алдағы жылдары Түркістан облысында тұқымбақтардың аумағын кезең-кезеңімен кеңейту жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар өңірде жасыл аймақтарды көбейтуге және көшетке деген сұранысты толық қанағаттандыруға бағытталған. Аталған жобалар облыс әкімінің тікелей бақылауында жүзеге асырылуда.
▪️Айта кетейік, 2026–2028 жылдар аралығында осы заманауи орман тұқымбағында 1 040,0 млн түп әртүрлі сәндік, жапырақты және бұта тектес ағаш көшеттерін өсіру көзделіп отыр. Бұл көрсеткіш облыстың ғана емес, көршілес өңірлердің де көгалдандыру қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
