Басты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МАҢЫЗДЫ ЖОБАЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ БОЙЫНША ИНВЕСТОРЛАРМЕН КЕЛІССӨЗДЕР ЖҮРГІЗІЛДІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытай Халық Республикасынан келген инвесторлармен кездесті. Кездесу барысында облыс аумағында жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, өндіріс саласын дамыту, сондай-ақ екіжақты әріптестікті нығайту мәселелері жан-жақты талқыланды.

Облыс әкімі өңірді дамытудың негізгі басым бағыттарына тоқталып, шетелдік инвесторларды бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Түркістан облысының әлеуеті өте жоғары. Ауыл шаруашылығы саласында өнімдерді терең өңдеуді дамытуға, индустриалды аймақтарда өндіріс орындарын ашуға барлық мүмкіндік бар. Жаңа зауыттар мен кәсіпорындар ашу арқылы тұрақты жұмыс орындарын көбейтуге мүдделіміз. Инвесторларға қолайлы жағдай жасап, жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.

Кездесу барысында «Qingdao Wanlin» компаниясының басшысы Яньтао Ли Түркістан облысында инвесторларға қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастырғаны үшін облыс әкімдігіне ризашылығын білдіріп, компанияның жоспарлап отырған жаңа жобаларымен таныстырды. Сонымен қатар, арнайы келген инвесторларды таныстырып, олардың да Түркістан облысында өндірісті дамытуға бағытталған жобаларға атсалысуға ниетті екенін жеткізді.

Атап айтқанда, кездесуде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін кәсіпорындар салу, үй жануарларына арналған жем өндіру зауытын ашу, әртүрлі өндіріс орындарын іске қосу, сондай-ақ туризм саласы бойынша Орталық Азиядағы ең ірі аквапарктердің бірін салу сынды бірқатар ірі жобалар ұсынылды. Ұсынылған бастамалар тиісті сала мамандары тарапынан жан-жақты зерделеніп, экономикалық тиімділігіне қарай кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.

Сонымен қатар, тараптар инвестициялық жобаларды іске асыру барысында инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, жер телімдерін бөлу, кадр даярлау және мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалану мәселелерін де талқылады.

Айта кетейік, Түркістан облысында инвестиция тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ағымдағы жылдың 11 айының қорытындысымен негізгі капиталға 1,4 трлн теңге инвестиция бағытталып, өсім 123 пайызды құрады. Осылайша жылдық жоспар мерзімінен бұрын орындалды.

Былтырғы 11 айдың ішінде облыста 44 инвестициялық жоба іске қосылып, нәтижесінде 6 637 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл көрсеткіштер өңір экономикасының тұрақты дамып келе жатқанын және Түркістан облысының инвесторлар үшін тартымды аймаққа айналғанын айғақтайды.

Қатысты жаңалықтар

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шахматтан әйелдер құрамасын құттықтады

bastynews

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «ӨРЛЕУ» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА 11,7 МЛРД ТЕҢГЕЛІК 29 ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСТЫ

bastynews

ТҮРКІСТАНДА ПЛАСТИК ЫДЫСТАРЫ МЕН ПОЛИЭТИЛЕН ПАКЕТТЕРІН ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

bastynews