Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай Түркістан облысында «Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі!» атты патриоттық челлендж ұйымдастырылып, өңір тұрғындары арасында кең қолдау табуда. Аталған бастама Жеңіс тарихын ұлықтау, майдан даласында ерлік көрсеткен жауынгерлер мен тылда жан аямай еңбек еткен азаматтардың рухына тағзым ету, сондай-ақ жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен тарихи жауапкершілікті қалыптастыру мақсатында қолға алынған.
Челлендждің бастауында Ардагерлер, Ақсақалдар, Әжелер және Аналар кеңестерінің өкілдері тұрды. Аға буын өкілдері Ұлы Отан соғысы жылдарындағы халықтың бірлігі мен төзімін, батыр бабалардың жанқиярлық ерлігін дәріптейтін патриоттық әндерді орындап, жастарға тағылымды үлгі көрсетті. Сонымен қатар олар өз сөздерінде бейбіт өмірдің бағасын ұғындыру, елге деген сүйіспеншілікті арттыру және ұлттық бірлікті сақтау мәселелеріне ерекше тоқталды.
Патриоттық челлендж эстафетасы Р. Мәрсеков атындағы орта мектеп пен Қасым Қайсенов кентіндегі орта мектептің оқушыларына жолданып, білім алушылар бұл бастаманы үлкен жауапкершілікпен қабылдады. Оқушылар батырлар рухына арналған әндер орындап, өлеңдер оқып, тарихи деректерге негізделген сахналық көріністер мен бейнероликтер дайындау арқылы челленджді жалғастырды. Бұл өз кезегінде жасөспірімдердің ел тарихына деген қызығушылығын арттырып, патриоттық сананы нығайта түсті.
Челлендждің негізгі мақсаты – тарихи жадымызды сақтау, Ұлы Отан соғысының батырларына шынайы алғыс білдіру, халықтың ерлігі мен бірлігін, сенімі мен рухын дәріптейтін әндер мен шығармалар арқылы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу. Сонымен қатар бұл бастама буындар сабақтастығын нығайтып, аға буынның өмірлік тәжірибесі мен өнегелі жолын жастарға жеткізуге бағытталған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, патриоттық челлендж алдағы уақытта облыстың барлық аудан-қалаларын қамтып, білім беру ұйымдары, мәдениет мекемелері, жастар ресурстық орталықтары мен қоғамдық бірлестіктердің белсенді қатысуымен жалғасын табады. Мұндай мазмұнды әрі тәрбиелік мәні зор шаралар Жеңістің 80 жылдығын жоғары деңгейде атап өтуге, қоғамда елдік рухты күшейтуге және бейбітшіліктің қадірін ұғындыратын саналы ұрпақ тәрбиелеуге өз үлесін қоса бермек.
