Түркістан қаласында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы мерейтойы аясында «1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы — Қазақстанның оңтүстігінің тарихында» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Аталған басқосу соғыс жылдарындағы тарихи ақиқаттарды зерделеу, ұлт жадысын жаңғырту және жас ұрпақтың патриоттық санасын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды.
Конференция Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасына қарасты Түркістан облысының мемлекеттік архиві мен Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архиві мекемелерінің ұйымдастыруымен Түркістан қаласындағы Достық үйінде өтті. Іс-шараға Өзбекстан мен Ресей мемлекеттерінен, сондай-ақ Алматы, Шымкент, Қарағанды, Орал және Түркістан қалаларынан келген тарихшы және педагог-ғалымдар, архив саласының мамандары, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, мектеп оқушылары офлайн және онлайн форматта қатысты.
Халықаралық конференция барысында соғыс жылдарындағы Қазақстанның, оның ішінде оңтүстік өңірдің Ұлы Жеңіске қосқан үлесі жан-жақты талқыланды. Ғалымдар мен зерттеушілер майдан мен тылдағы еңбек, мобилизациялау жұмыстары, эвакуацияланған кәсіпорындар, халықтың ауызбіршілігі мен жанқиярлық еңбегі жөнінде ғылыми баяндамалар жасады. Сонымен қатар бұрын ғылыми айналымға енбеген архивтік құжаттар негізінде жаңа деректер ұсынылды.
Шара аясында «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа мұра, тарихқа тағзым» атты архивтік құжаттар көрмесі ұйымдастырылып, келушілерге соғыс жылдарын бейнелейтін сирек материалдар мен құжаттар таныстырылды. Сондай-ақ «Оңтүстік Қазақстан 1941–1945 жылдары Ұлы Отан соғысы жылдарында» атты құжаттар жинағының тұсаукесері өтіп, бұл еңбек соғыс тарихын зерттеуге қосылған маңызды ғылыми үлес ретінде көпшілікке ұсынылды.
Конференция барысында Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің ерен ерлігі, қайсарлығы мен отансүйгіштігі кеңінен баяндалып, олардың ел тарихындағы орны ерекше атап өтілді. Баяндамашылар тарихи әділеттілікті қалпына келтіру, жергілікті тарихтың ашылмаған беттерін зерделеу, сондай-ақ жастар арасында патриоттық тәрбие мен ұлттық сананы нығайту мәселелеріне ерекше тоқталды.
Іс-шара қорытындысында қатысушылар Ұлы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеудің тарихи маңызын атап өтіп, соғыс жылдарындағы ерлік пен бірліктің бүгінгі бейбіт өмір үшін айрықша құндылық екенін жеткізді. Мұндай ғылыми-танымдық жиындар өңірде алдағы уақытта да жалғасын тауып, ұлттық жадыны сақтау мен тарихи сананы қалыптастыруға өз үлесін қоса бермек.
