Ақпарат

ТҮРКІСТАН – КИЕЛІ ЖЕРЛЕР МЕН ТУРИСТІК НЫСАНДАРДЫҢ МЕКЕНІ

Түркістан облысы тарихи және мәдени мұраға бай өңір ретінде туристер үшін ерекше тартымдылыққа ие. Облыста 1789 тарихи-мәдени ескерткіш орналасқан, ал мәдени-тарихи туризм – өңірдің басты туристік драйвері болып отыр. Қала мен оның айналасындағы нысандарға жыл сайын алыс-жақын шетелдерден және еліміздің түкпір-түкпірінен саяхатшылар келеді.

Арыстан баб кесенесі

Отырар ауданында орналасқан Арыстан баб кесенесі – Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы Арыстан бабқа арналған киелі орын. XI ғасырда салынған бұл кесене XIV-XV ғасырларда толыққан. Кесененің аумағында емдік қасиеттері бар тұзды су бұлағы бар. «Арыстан бабқа түне, Ясауиден тіле» деген тәмсіл осы жердің киесін білдіреді. Мемлекеттік қорғауға алынған нысан бүгінде зияраткерлер үшін маңызды орталық.

Хантағы жотасы

Түркістан қаласынан 40 шақырым жерде орналасқан Хантағы жотасы – аңызға бай табиғи нысан. Ел аузында бұл жерге қатысты көптеген әпсаналар сақталған. Хантағы тауында ханның ажалдан қашып, қарақұрттан аман қалу тарихы айтылып, тау аты осы оқиғадан кейін қаланған. Қазіргі кезде бұл аумақ Қаратау мемлекеттік табиғи қорығының қорғауына алынған.

Ақмешіт үңгірі

Бәйдібек ауданында орналасқан Ақмешіт үңгірі ұзындығы 254 метр, ені 65 метр, биіктігі 25 метр. Жарқабақ саңылауларынан мезгіл-мезгіл су тамады. Аңыздарға сәйкес, қалмаққа қарсы жорыққа шыққан қазақ жауынгерлері нөсер жауының астында үңгірге паналап, таңғы намазға жығылған. Үңгірде ерте заманнан бері үлкен үкі мен ақ жылан мекендейді деп саналады. Көпшілік бұл жануарларды үңгірдің киесі деп есептейді.

1000 жылдық тұт ағашы

Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында өсіп тұрған 1000 жылдық тұт ағашы – «Мәжарат тұт». Түбі қурағанымен, төбесіндегі бұталары әлі көгерген. Биіктігі 8–9 метр, ал оның айналасына алты адамның құшағы жетеді. Ағашқа келушілер құран оқып, тілек тілейді. Бұл ағашқа еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелден де туристер ағылып келеді.

Керуен-сарай туристік кешені

Түркістан қаласында орналасқан «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешені – өңірдің басты туристік нысаны. Кешен аумағы 20,5 гектар және Жібек жолы дәуіріндегі саудагерлер мен қолөнершілер көшесін қайта жаңғыртқан. Мұнда «ұшатын театр», ат шоуы, шығыс базары, сауда сөрелері, қонақ үйлер, мейрамханалар, СПА және фитнес-орталықтар, кинотеатр, отбасылық ойын-сауық орталығы бар. Су арнасы арқылы ұйымдастырылған қайық турлары мен театрландырылған шоу кешенге ерекше тартымдылық береді. Бағалар: отбасылық ойын-сауық орталығы – 2500 теңге, Ұшатын театр – 6500 теңге, қайық турлары – 4000 теңгеден, ал фонтан шоуы – тегін.

Түркістан облысы тек киелі кесенелерімен ғана емес, тарихи, мәдени және табиғи нысандары арқылы да туристерді баурайды. Алыс-жақын шетелдерден келетін саяхатшылар бұл жерлерде бабалар рухын сезініп, тарихқа, мәдениетке және табиғатқа қанығады. Түркістан – рухани астана ғана емес, туристік бағыт ретінде де елімізде ерекше мәртебеге ие.

Қатысты жаңалықтар

Қазақстанда алғаш рет сурдоаудармасы бар білім беру порталы іске қосылды.

Bastynews

АРЫС ҚАЛАСЫНДА ЖАҢА «КЕЛЕШЕК МЕКТЕБІ» АШЫЛДЫ

bastynews

ТҮРКІСТАНДА ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАР ҰЛЫҚТАЛДЫ

bastynews