Ақпарат

ТҮРКІСТАН: «ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ» ОРТАЛЫҒЫ МЕН ТАРИХИ ЖӘДІГЕРЛЕР ТУРИСТЕРДІ БАУРАП ЖАТЫР

Түркістан қаласы тарихи және мәдени мұраның алтын бесігі саналады. Қаланың «Ұлы Дала Елі» орталығы аймақтық және ұлттық деңгейде туристерді қызықтыратын басты нысандардың бірі болып отыр. Мұнда Қазақстанда табылған төрт алтын адамның бірі саналатын Тақсай ханшайымының көшірмесі сақталады.

Тақсай ханшайымның басында тау ешкісі бейнеленген алтын бас киім, мойнында екі салпыншақты шекелік және тұтас құйылған гривна, киімінің кеуде тұсына барақ ит пен қойдың басы бейнеленген алтын әшекейлер тігіліп, жеңдерінде қасқырдың азу тістері бейнеленген алтын салпыншақтар бар. Білектеріне мүйізді мысықтұқымдас жыртқыштың бұзаумен айқасы бейнеленген алтын білезіктер тағылған.

2012 жылы Батыс Қазақстан облысында жүргізілген археологиялық қазба жұмысы кезінде б.з.д. ІV–VІ ғасырға жататын сармат кезеңінің бекзат әйелінің қабірі табылды. Ғалымдар оны «Тақсай ханшайымы» деп атады. Реставратор Қырым Алтынбеков ханшайымның салтанатты бейнесін қалпына келтіріп, көшірмесін Түркістан қаласына тарту етті. Енді бұл жәдігер қала тұрғындары мен қонақтары үшін қолжетімді.

Түркістан облысы тек тарихи жәдігерлерімен ғана емес, табиғи және мәдени-туристік нысандарымен де танымал. Өңірде 40-қа жуық республикалық маңызы бар тарихи орын, 403 жергілікті маңызы бар ескерткіш және 1339 алдын ала тізімдегі нысан бар. Олардың арасында Арыстан баб кесенесі, Үкаша атаның құдығы, Қазығұрт шыңы, Қырыққыз тау жотасы, Ақмешіт үңгірі сияқты әйгілі орындар бар.

Арыстан баб кесенесі XI ғасырда салынған, Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы Арыстан бабқа арналған. Кесене аумағында емдік қасиеті бар тұзды құдық бар, ал туристер қасиетті орынға келіп, дұға етеді. Хантағы жотасы Қаратау мемлекеттік табиғи қорығының қорғауында, ал Ақмешіт үңгірі Бәйдібек ауданында орналасып, туристер үшін ерекше аңыз-әңгімелерге толы.

Түркістан қаласындағы Орталық Азиядағы ең ірі «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешені 20,5 гектар аумақта орналасқан. Кешенде Жібек жолы дәуіріндегі саудагерлер көшесі, «ұшатын театр», амфитеатр, шығыс базары, бутиктер, қонақ үйлер, мейрамханалар, СПА және фитнес орталық, кинотеатр, отбасылық ойын-сауық орталығы бар. Мұнда су арнасы арқылы «қайық шеруі» мен театрландырылған шоу ұйымдастырылып, туристерге ерекше әсер сыйлайды.

Қазіргі таңда облыс туристік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Туристік нысандардың паспорттарын жаңарту, туристік бағдарларды ретке келтіру, «Жібек жолы» өткізу пункті, Визит орталықтарын қосу жұмыстары жүргізілуде. Бұл бастамалар Түркістанды тарихи-мәдени, туристік және инвестициялық орталыққа айналдыруға мүмкіндік береді.

Түркістан – тек Қазақстанның ғана емес, Орталық Азияның да тарихи және мәдени туризмнің жаңа тынысы болып отыр. Келушілерді бабалар рухы шақырады, ал тарихи жәдігерлер мен заманауи инфрақұрылым туристерді қаладан ұзатпайды.

Қатысты жаңалықтар

Жолдау-2024: тұрақты өсу, жасанды интеллектіні дамыту және білім беру бастамалары

bastynews

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған «Конституция және мемлекеттілік: құқық пен болашақ диалогы» атты ғылыми-практикалық конференцияда сөз сөйледі

bastynews

АТОМНАЯ ЭНЕРГЕТИКА В КАЗАХСТАНЕ: ПЕРСПЕКТИВЫ В КОНТЕКСТЕ ПОСЛАНИЯ ПРЕЗИДЕНТА НА 2024 ГОД

bastynews