Қазақстан экономикасына инвестиция тарту – елдің тұрақты дамуының негізгі тетіктерінің бірі. Соңғы жылдары бұл бағытта аймақтар арасындағы бәсеке күшейіп, әр өңір өзінің инвестициялық әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөлуде. Осы тұрғыдан алғанда Түркістан облысының көрсеткіштері республика көлемінде шын мәнінде көш бастап тұрғаны анық байқалды. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте кеңінен айтылды.
Маңызды жиында Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында берілген тапсырмаларды жүзеге асыру барысы талқыланды. Атап айтқанда, негізгі капиталға инвестиция тарту қарқынын үдету, жаңа жобаларды іске қосу, өңдеу өнеркәсібін дамыту және өңірлердің экономикалық белсенділігін арттыру мәселелері назарға алынды.
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша, 2024 жылдың 9 айында ел бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 13,8 триллион теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 13,5%-ға өсті. Инвестициялық өсімнің негізгі драйверлері – энергетика, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және көлік салалары. Ал қаржының басым бөлігі жылжымайтын мүлік, көлік және тау-кен секторына бағытталған.
Өңірлер арасында Астана қаласы мен Түркістан облысы алдыңғы қатардан көрінді. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес аймақта инвестиция тарту мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Барлық басқармалар мен аудан, қала әкімдіктеріне нақты индикаторлар бекітіліп, жүйелі жұмыс жолға қойылған.
Нәтижесінде 2024 жылдың 9 айында облыс экономикасына құйылған инвестиция көлемі 1 триллион 12,2 миллиард теңгеге жетті. Бұл – бекітілген межеден әлдеқайда жоғары көрсеткіш (жоспар – 828 млрд тг) және өткен жылмен салыстырғанда 115,9% өсіммен орындалды.
Тікелей шетелдік инвестициялар да облыс экономикасына қарқынмен келуде. Екінші тоқсанның қорытындысы бойынша олардың көлемі 543,5 млн АҚШ долларына жетіп, жылдық жоспар артық орындалды.
Алдағы жылдарға көз жүгіртсек, Түркістан облысында инвестициялық белсенділіктің одан әрі артуына толық негіз бар. 2025–2028 жылдар аралығында жүзеге асырылатын құны 2,6 триллион теңге болатын 111 ірі жобаның пулын өңір қалыптастырған. Бұл жобалар аясында 23 915 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Тек 2024 жылдың 9 айында өңірде 33 жоба іске қосылып, 4793 тұрақты жұмыс орны құрылды. Жеке инвестициялар көлемі 161 млрд теңгеге жетті.
Түркістан облысының бүгінгі табысы – тек өңірдің ғана емес, ел экономикасының дамуына қосылған үлес. Экономикаға салынған әр инвестиция жаңа өндірістердің, жаңа жұмыс орындарының, жаңа мүмкіндіктердің бастауы екені анық.
