Төлеби ауданында күзгі көгалдандыру маусымы аясында Ленгір-Зертас бағытындағы жол бойында ауқымды көшет егу жұмыстары жүргізілуде. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасының шеңберінде ұйымдастырылған шарада қара ағаш, терек, айлант, өрік сияқты сәндік және жеміс ағаштарының көшеттері арнайы дайындалып, қоршалған аумаққа отырғызылды.
Аталған шараға аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, ерікті жастар және жергілікті тұрғындар белсенді қатысып, көшет егуге 4 арнайы техника жұмылдырылды. Әрбір қатысушы өз қолымен көшет отырғызып, табиғатты қорғау ісіне үлес қосты. Бұл шара тек көріктендірумен шектелмей, аудан тұрғындарының экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған маңызды бастама болып отыр.
Биылғы күзгі көгалдандыру науқанында аудан аумағында жалпы 30 мыңға жуық тал көшетін отырғызу жоспарланған. Қазіргі уақытта сенбілік барысында жол бойына 2 мыңнан астам көшет егілді. Жоспар бойынша алдағы аптада жұмыстар мектептердің аумағына, саябақтарға, демалыс орындарына және тұрғын үйлердің қасбеттері бойына кеңейтіледі. Бұл шаралар тұрғындардың демалысына қолайлы жағдай жасап қана қоймай, ауданның көрікті келбетін қалыптастыруға да септігін тигізеді.
Көшеттерді күтіп-баптау жұмыстары аудан әкімдігіне қарасты «Таза қала» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тарапынан жүзеге асырылады. Жұмыс барысында көшеттерді жүйелі суару, тыңайтқыш беру, зақымданған көшеттерді ауыстыру және қоршау жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Сонымен қатар, аудан тұрғындары мен еріктілер бұл шараларға тұрақты қатысу арқылы жасыл желек алқаптарын көбейтуге үлес қосуда.
Төлеби ауданының экологиялық стратегиясына сәйкес, көгалдандыру жұмыстарының басты мақсаты – аумақты көріктендіру, ауа сапасын жақсарту, экологиялық ахуалды қолайлы деңгейге жеткізу және жасыл желек көлемін ұлғайту арқылы тұрғындардың өмір сапасын арттыру. Сонымен бірге, бұл шаралар ауыл шаруашылығы және туризм саласындағы әлеуетті арттыруға, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Аудан әкімдігі алдағы жылдары да көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын кезең-кезеңімен жалғастыруды жоспарлап отыр, соның нәтижесінде Төлеби ауданы жасыл желекке бай, көрікті, экологиялық таза өңірге айналады деп күтілуде.
