Басты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: КЕЛЕСТІК ДИҚАН БІР ЖЫЛДА ҮШ РЕТ ӨНІМ АЛДЫ

Келес ауданы соңғы жылдары ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін арттыру және заманауи технологияларды енгізу бағытында айтарлықтай жетістіктерге жетіп келеді. Әсіресе жерді тиімді пайдалану арқылы бір жылда бірнеше өнім алу бағыты қарқын алып, фермерлердің тәжірибесінде кеңінен қолданылуда. Мұндай табысты еңбек үлгісінің бірі – Біртілек ауылдық округінің тұрғыны, тәжірибелі диқан Халық Асылбек.

Ол биыл 3 гектар жерге бірінен кейін бірі үш түрлі дақыл егіп, әр маусымда мол өнім жинады.
«Ең бастысы – жерге жанашырлықпен қарау керек. Топырақтың құнарын сақтау мен дұрыс агротехникалық күтім – негізгі талап. Өткен күзде пияз егіп, оны ерте көктемде жинап алдық. Одан кейін картоп егіп, тамызда өнімін алдық. Қазір үшінші өнім – болгар бұрышының соңғы легін теріп жатырмыз. Әр дақыл өзіне лайықты еңбектің қарымын қайтарып жатыр», – дейді шаруа.

Халық Асылбектің айтуынша, жерді тиімді айналымға түсіру – бүгінгі аграрлық саладағы басты тенденция. Бұл әдіс бір жағынан шаруаның табысын арттырса, екінші жағынан жердің құнарлылығын сақтауға көмектеседі. Ол тамшылатып суару, топырақты минералдармен байыту, зиянкестерден қорғаудың биологиялық әдістерін қолдана отырып, шығынды азайтып, өнім сапасын жақсартқан.

Ауданның агроөндірістік әлеуеті де жылдан жылға артып келеді. Биыл Келес ауданында жалпы 3,5 мың гектар алқапқа егін егілді. Оның ішінде:
– 700 гектары – астық дақылдары,
– 560 гектары – картоп,
– 1,3 мың гектары – көкөніс түрлері,
– 730 гектары – мал азықтық дақылдар.

Бұл егіс құрылымы аудандағы негізгі сұранысқа ие өнімдерді тұрақты өндіруге мүмкіндік беріп отыр.

Сонымен қатар аудан шаруалары жаңа технологияларды кеңінен енгізуде. Биылдың өзінде 2 гектар жаңа жылыжай кешені іске қосылып, 63 гектар жерге тамшылатып суару әдісі енгізілді. Бұл – су тапшылығы өзекті болып тұрған аймақта аса маңызды қадам. Жаңа әдістер еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, өнімнің сапасын жақсартуға, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға жол ашады.

Келес ауданының климаттық ерекшеліктері ерте пісетін дақылдарды өсіруге өте қолайлы. Сондықтан жылына үш рет өнім алу тәжірибесі алдағы уақытта ауданның басқа шаруашылықтарында да кеңейтілмек. Мамандардың болжауынша, дұрыс агротехника мен тиімді суару жүйесін қолдана отырып, кейбір дақылдар бойынша жылына төрт мезгіл өнім алу да мүмкін.

Халық Асылбектің табысты тәжірибесі – аудан диқандарына үлгі болатын еңбек үлгісі. Бұл Келес өңірінің аграрлық салада үлкен әлеуетке ие екенін және заманауи тәсілдерді енгізу арқылы одан да биік көрсеткіштерге қол жеткізуге болатынын дәлелдейді.

Қатысты жаңалықтар

Әлиев: «Соғыс жалғасса, біз Армения әскерін толық жойып жібереміз»

Bastynews

«Жедел жәрдемнен ұрлап әкетіп зорлаған»: Павлодарда сұмдық жағдай орын алды

Bastynews

«Енді біз – ерлі-зайыпты жандар емеспіз, болашақта жақын достар болып қалу туралы шешім қабылдадық» – Ақан Сатаев

Bastynews