Басты жаңалықтар

ЖЕТІСАЙ: ТРОПИКАЛЫҚ ЖЕМІС ӨСІРУДІҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру, бір жерден бірнеше өнім алу, жылыжай тиімділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес бұл үрдіс Жетісай ауданында айқын көрініс тауып отыр. Соңғы жылдары аудандағы жылыжай кешендерінің көлемі артып, фермерлер жаңа дақыл түрлерін игеруде.

2024–2025 жылдары Жетісай ауданында 129 фермер иелігіндегі жылыжайларда қызанақ, қияр, болгар бұрышы, баялды, лимон және гүл көшеттері егілді. Жылыжайлардың 9,54 гектары көмірмен, 13,48 гектары табиғи газбен жылытылады. Бұл көрсеткіштер фермерлердің жаңа технологияны енгізуге және энергия тиімділігіне деген қызығушылығының артқанын білдіреді.

Аудан әкімі Серік Мамытов ауылдарды аралау барысында Атамекен ауылдық округіндегі Берік Байымбетовтің жылыжайымен танысты. 1,64 гектар аумақты қамтитын шаруашылық тамшылатып суғару әдісін қолданады. Бұл — су тапшылығы күрделі мәселе болып тұрған аймақта аса тиімді тәсіл.

Жылыжайдың 1 гектарына лимонның «Мерри» сорты егілсе, қалған бөлігіне қияр отырғызылған. Шаруашылықта 10 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Бес жыл бұрын отырғызылған лимон ағаштары биыл әр түбінен 100 келіге дейін өнім бермек. Таза, табиғи өнімге Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарымен қатар Шымкент қаласынан да жоғары сұраныс түсіп отыр. Лимонның келісі 1000–1200 теңге көлемінде сатылады.

Мемлекеттік қолдау шаралары да жыл сайын кеңеюде. Жылыжай шаруашылықтарына энергия шығындарын субсидиялау жөніндегі Үкімет шешімі қабылданғалы бері қызығушылардың саны еселеп артты. Қазіргі таңда аудандағы жылыжайлар көлемі 23,5 гектарға жетті. Оның ішінде 5,8 гектарға қызанақ, 4,3 гектарға қияр, 1,5 гектарға баялды мен болгар бұрышы, 1 гектарға лимон егіліп отыр. Бұл ішкі нарықты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаруда.

Берік Байымбетовтің айтуынша, лимон — ұзақ өмір сүретін өсімдік, 40–60 жылға дейін жеміс береді. Алғашқы өнімін 2–3 жылда береді. «Асқан шыдамдылық пен ұқыпты күтім болса, банан, киви сияқты тропикалық жемістерді де жылыжай жағдайында өсіруге болады» — дейді ол. Фермер болашақта жылыжай аумағын кеңейтіп, өнім түрлерін арттыруды жоспарлап отыр.

Жетісайлықтардың бұл бастамасы – өңірдің агросекторында жаңа мүмкіндіктердің бар екенін айқындаған тың қадам. Тропикалық жеміс өсіру – экспорттық әлеуетті арттыруға да жол ашады.

Қатысты жаңалықтар

В ШЫМКЕНТЕ В ДЕНЬ ЗНАНИЙ СОСТОЯЛОСЬ ОТКРЫТИЕ НОВОЙ СОВРЕМЕННОЙ ШКОЛЫ

bastynews

42500 теңге. Әлеуметтік төлемнің мөлшері көбейтілуі мүмкін

Bastynews

Мемлекет басшысы Көшпенділер ойыны бабалар аманат еткен қастерлі мұраны көздің қарашығындай сақтап, жас буынға табыстау мақсатынан туған бірегей жоба екенін айтты

bastynews