Қазіргі заманда ғылым мен білім беру жүйесінің синергиясы тұрақты дамудың, ұлттық зияткерлік әлеуетті арттырудың және жаһандық ғылыми кеңістікке интеграцияланудың басты факторы болып отыр. Әсіресе академиялық мегаполис ретіндегі жоғары оқу орындары үшін ғылыми кадрларды даярлау сапасы мен ғылыми менеджменттің тиімділігі шешуші рөл атқарады. Осы тұрғыда Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде PhD бағдарламасы бойынша білім алып жатқан бірінші курс докторанттарымен дәстүрлі форматта кездесу ұйымдастырылды.
Іс-шараға Академиялық мәселелер жөніндегі проректор, PhD, доцент Жанбол Жылбаев, Ғылыми жұмыстар және инновациялар жөніндегі проректор, PhD, доцент Ержан Керімбеков, сондай-ақ ЖОО-дан кейінгі білім беру институтының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Аққоңыр Жылысбаева қатысты. Университет докторантурасында қазіргі таңда 109 зерттеуші білім алуда, оның ішінде 44-і – бірінші курс тыңдаушылары. Бұл көрсеткіш университеттің ғылыми-зерттеу бағыты бойынша жүргізіп отырған стратегиялық жұмыстарының жүйелі нәтижесі болып табылады.
Кездесу барысында Жанбол Октябрьұлы жас зерттеушілерді еліміздің педагогикалық білім беру кеңістігінде тарихи орны бар қарашаңырақ университеттің докторанттары атануымен құттықтап, бұл қадам олардың академиялық және ғылыми траекториясында шешуші кезең екенін атап өтті. Өз сөзінде ол ғылым жолына түсудің жауапкершілік пен ұзақмерзімді көзқарасты қажет ететінін, сондай-ақ ғылыми ойлау жүйесі мен зерттеу мәдениетін қалыптастырудағы докторантураның рөлін нақтылады.
Ал Ержан Рахымжанұлы докторанттардың ғылыми өмірлік циклін тиімді ұйымдастыруға назар аударып, time management, research planning, academic productivity сияқты ұғымдардың практикалық маңызын түсіндірді. Сонымен қатар, диссертациялық зерттеу тақырыбын дұрыс таңдау, ғылыми жетекшімен тиімді коллаборация орнату, publication strategy және халықаралық деректер базасына индекстелетін журналдарда мақала жариялау талаптары жөнінде кеңінен баяндады.
ЖОО-дан кейінгі білім беру институтының директоры Аққоңыр Нұрділләқызы өз баяндамасында докторантура деңгейіндегі оқу процесінің нормативтік-құқықтық базасына шолу жасап, ҚР Білім және ғылым министрлігінің тиісті бұйрықтары, PhD білім беру бағдарламаларының типтік құрылымы және университеттің ішкі академиялық саясаты туралы толық ақпарат ұсынды. Сонымен қатар, докторлық диссертацияға қойылатын академиялық және этикалық талаптар, зерттеу практикасы, педагогикалық тәжірибе және ғылыми тағылымдама кезеңдерінің мерзімдері мен мазмұны егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Докторанттар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, академиялық ортаға бейімделу, зерттеу тақырыптарын жетілдіру, ғылыми іссапарлар мен тағылымдамалар мүмкіндіктері бойынша пікір алмасты. Проректорлар тарапынан жас зерттеушілерге институционалдық қолдау көрсетілетіні, сондай-ақ академиялық дербестік пен зерттеу бастамаларын жүзеге асыруда университет әкімшілігінің ашық саясат ұстанатыны атап өтілді.
