Ақпарат

ТҮРІК ҒАЛЫМЫ КЕЛДІ: «АҒЫЛШЫН-ТҮРІК ТІЛДЕРІ» БАҒДАРЛАМАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Tashenev University халықаралық ынтымақтастықты дамыту бағытында тағы бір маңызды қадам жасады. Түркия Республикасымен орнаған байланыс нәтижесінде танымал түрік ғалымы, тіл маманы, лингвист-зерттеуші Хасан Фахри Дурал оқу орнына келді. Бұл бастама Қазақстандағы Түркия Республикасының Бас консулдығы мен білім жөніндегі атташесі Айхан Коркмаздың тікелей қолдауымен жүзеге асты.

Хасан Фахри Дурал – түрік тілі мен мәдениетін оқыту саласында үлкен тәжірибесі бар, бірнеше елде дәріс оқыған, ғылыми еңбектері халықаралық деңгейде танылған лектор. Ол Tashenev University қабырғасында түрік тілін үйретумен қатар, студенттер мен оқытушыларға арналған тілдік, мәдениетаралық тренингтер мен семинарлар өткізуді жоспарлап отыр.

«Тілдерді меңгеру – бұл тек қарым-қатынас құралы ғана емес, халықтар арасындағы өзара құрмет пен түсіністікті қалыптастырудың алтын көпірі. Мен Tashenev университетіндегі тіл және мәдениетаралық байланыстарды дамытуға үлес қосуға қуаныштымын», – деді профессор Хасан Фахри Дурал өзінің алғашқы кездесуі барысында.

Сонымен қатар, ақпараттық технологиялар және шетел тілдері факультетінде жаңа, бірегей бағдарлама – «Ағылшын-түрік тілдері» білім беру бағыты іске қосылды. Бұл бағдарлама ағылшын және түрік тілдерін қатар меңгергісі келетін студенттерге арналған. Оның аясында тек тілдік дайындық емес, сонымен бірге мәдениет, тарих, іскерлік байланыс, халықаралық қатынастар аспектілері де қамтылады.

Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Парида Байнеева бұл бастаманың маңыздылығына тоқталып:
«Tashenev университетіне осындай білікті маманның келуі – үлкен мәртебе. Біз халықаралық мамандармен бірлесе отырып, білім беру саласын интернационализациялауға, университеттің жаһандық академиялық беделін арттыруға жұмыс істеп жатырмыз. «Ағылшын-түрік тілдері» бағдарламасы – сол бағыттағы нақты іс-шараның бірі», – деп атап өтті.

Оқу жылының алғашқы күндерінен бастап Хасан Фахри Дурал дәрістер мен практикалық сабақтар өткізуді бастайды. Университет студенттері мен оқытушылары бұл мүмкіндікті ерекше ықыласпен қарсы алып, түрік тілін үйренуге қызығушылық танытуда.

Tashenev University бұл бастаманы халықаралық мәдени, білім беру және ғылыми байланыстарды кеңейту жолындағы маңызды қадам деп бағалап отыр. Университет ұжымы алдағы уақытта Түркия мен Қазақстан арасындағы білім саласындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуді көздеп отыр.

Қатысты жаңалықтар

Әйелді жүкті ету үшін ер адамдар қандай тамақ жеу керек? – маман жауабы

Bastynews

42500 теңгені ала алмағандардың өтініші 1 желтоқсанға дейін қайта қаралады

Bastynews

ҚАҢҒЫБАС ИТ ПЕН МЫСЫҚТЫ КАСТРАЦИЯЛАУ ОЛАРДАН ТӨНЕТІН ҚАУІПТІ АЗАЙТАДЫ

Bastynews