Қоғам Мәдениет

ШЫРАЙЛЫ ШЫМҚАЛАДА ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ТЫҢ СЕРПІНМЕН: ОҚПУ ДАЙЫНДЫҚ БАРЫСЫН ПЫСЫҚТАДЫ

Шымкент қаласындағы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде жаңа 2025–2026 оқу жылына дайындық жұмыстары пысықталды. Университеттің Басқарма төрағасы – ректор міндетін атқарушы Әлібек Нұртаевтың жетекшілігімен өткен жиын барысында факультет декандары, кафедра меңгерушілері және құрылымдық бөлімдер басшылары оқу процесінің ұйымдастырылуы, ғылыми бағыттағы жұмыстар мен кадрлық құрам бойынша өз мәліметтерімен бөлісті.

Жиында сөз алған Жаратылыстану факультетінің деканы Айгүл Айтбаева факультетте жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстары мен оқытушы-профессорлар құрамы атқарып жатқан жобаларға ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде факультет тек химия, биология және география мамандықтары бойынша болашақ педагогтарды даярлап қана қоймай, өзекті ғылыми бағыттарда да іргелі зерттеулер жүргізіп келеді. Бұл – университеттің ғылыми әлеуетінің артуына, сондай-ақ еліміздің білім және ғылым саласындағы жалпы көрсеткіштерінің нығаюына үлкен үлес қосуда.

Кафедра меңгерушілері де өз кезегінде өткен оқу жылындағы жетістіктері мен алдағы жоспарларын ортаға салып, жаңа оқу жылына тыңғылықты дайындық жасап жатқанын мәлімдеді. Жиында оқу бағдарламаларын жетілдіру, студенттердің білім сапасын арттыру, тәрбие жұмыстарының мазмұнын байыту мәселелері кеңінен сөз болды. Сонымен қатар, оқу процесінде цифрлық платформаларды қолдану, интерактивті әдістерді жетілдіру және білім алушылардың практикалық машығын арттыру бағытындағы бастамалар да назардан тыс қалмады.

Ректор міндетін атқарушы Әлібек Нұртаев студенттер үшін оқу жылының сәтті басталуына барлық жағдай жасалуы қажет екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, жаңа оқу жылында әр студент өзін жайлы сезініп, психологиялық тұрғыдан бейімделуі, жатақханамен қамтылуы, оқу құралдары мен оқу үдерісіне қажетті инфрақұрылымдарға толық қол жеткізуі — басым бағыттардың бірі. Бұған қоса, ол ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі нақты өмірде, әсіресе ауыл шаруашылығы, экология және білім салаларында өз тиімділігін көрсетуі тиіс екенін баса айтып, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.

Университеттің профессор-оқытушылар құрамы білім беру ісін ғылыми ізденістермен ұштастыра отырып, ел игілігіне қызмет ететін жобалармен айналысуы қажет. Бұл ретте басқарма басшысы зерттеулердің мазмұндық сапасына, қоғамға пайдалы болуына, болашақ мамандардың кәсіби дамуына әсер етуіне ерекше мән беретінін жеткізді. Әлібек Нұрбайұлы білім беру мен ғылымды ұштастыра отырып, болашақта университет түлектерінің еңбек нарығында сұранысқа ие маман болуын қамтамасыз ету — негізгі мақсат екенін атап өтті.

Шырайлы Шымкенттегі іргелі оқу орындарының бірі саналатын Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ жаңа оқу жылына дайындықты жүйелі жүргізіп, сапалы білім беруге бағытталған нақты қадамдарды жүзеге асыруда. Бұл оқу ордасының ғылыми-инновациялық және академиялық әлеуеті жыл сайын артып, жаңа кезеңге сенімді қадам басып келеді.

Қатысты жаңалықтар

«МЕНІҢ ҚАЗАҚСТАНЫМ» ОНЛАЙН-ФЕСТИВАЛІ ӨТЕДІ

Bastynews

Масылдықты ауыздықтай аламыз ба?

Bastynews

МАСЫЛДЫҚ – ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСҚА ЖАТ ҚЫЛЫҚ

Bastynews