Жаңалықтар

ТАЛАНТ ПЕН ТАБАНДЫЛЫҚҚА ҚОЛДАУ: «ТӘШЕНЕВ ТАРТУЫ» ГРАНТ ИЕГЕРЛЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

Шырайлы Шымқаланың білім ордаларының бірінде тағы бір игі дәстүр жалғасын тапты. Жұмабек Ахметұлы Тәшенев атындағы университет қабырғасында жас талапкерлерге арналған «Тәшенев тартуы» білім гранттарын тағайындау мақсатында конкурстық комиссияның отырысы өтті. Университеттің бас оқу ғимаратында өткен бұл маңызды басқосуға басқарма төрағасы – ректор Оңалбай Аяшев төрағалық етті. Жыл сайын ұйымдастырылатын аталмыш әлеуметтік жоба биыл да білімге құштар, ынталы жастардың үмітін ақтауға бағытталды.

Биылғы байқауға қатысуға еліміздің түкпір-түкпірінен барлығы 600-ге жуық өтінім келіп түсті. Үміткерлер өтінімдерін университеттің қабылдау комиссиясы арқылы офлайн форматта да, шалғай аймақтардан арнайы әзірленген онлайн форма арқылы да жолдады. Комиссия мүшелері талапкерлердің академиялық жетістіктері, әлеуметтік мәртебесі мен шығармашылық әлеуетін саралай келе, бөлінген 150 білім грантының ішінен 79 талапкерге толық (100%) ішкі грант тағайындады. Сонымен қатар, «Құқықтану» білім беру бағдарламасына құжат тапсырған талапкерлерге 50% жеңілдік берілетін шешім қабылданды.

Грант иегерлерінің қатарында үздік аттестат иелері, «Алтын белгімен» марапатталған түлектер, республикалық және халықаралық деңгейдегі олимпиада жеңімпаздары, IELTS тестінен 5.0 баллдан жоғары және TOEFL жүйесі бойынша 480 баллдан жоғары нәтиже көрсеткен талапкерлер бар. Бұдан бөлек, «Елбасы медалінің» иегерлері мен түрлі зияткерлік байқауларда топ жарған білімпаз жастар да осы жолы комиссия тарапынан қолдауға ие болды. Конкурсқа қатысу үшін ең төменгі талап ретінде Ұлттық бірыңғай тестілеуден 100 балл және одан жоғары жинаған талапкерлерге жол ашылды.

Басқарма төрағасы Оңалбай Аяшев өз сөзінде бұл бастаманың әлеуметтік маңыздылығына тоқталып, еліміздің әр өңірінен білім іздеп келген жастарға университет есігінің айқара ашық екенін жеткізді. Ол өз сөзінде: «Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Тәшенев тартуы» ішкі гранттары – мемлекеттік қолдаудан тыс қалған, алайда табандылығы мен білімге деген ұмтылысы айқын жастар үшін үлкен мүмкіндік. Бұл – білімге шын ниетпен келген талапкерге университет тарапынан көрсетіліп жатқан нақты қамқорлық. Біз жастардың үмітін ақтап, олардың өмірлік жолына бағыт бергіміз келеді. Мұндай бастамалар болашақта қоғамға қажетті, заманауи көзқарастағы мамандарды даярлауға сеп болатынына сенімдіміз», – деді.

«Тәшенев тартуы» білім гранттары – Жұмабек Тәшеневтің рухани мұрасын ұлықтаумен қатар, ел ертеңі саналатын жас ұрпаққа сенім білдірудің бір үлгісі. Бұл – тек грант емес, ұрпаққа үлгі болатын жауапкершілік пен болашаққа жолдама. Шымкент секілді мегаполис жастары үшін де, өңірлік талапкерлер үшін де «Тәшенев тартуы» білім мен мүмкіндіктің нақты бейнесіне айналып отыр.

Қатысты жаңалықтар

ШЫМКЕНТТІК 82 ЖАСТАҒЫ ҚАРИЯ САЙЛАУ УЧАСКЕСІНДЕ ӨЗ ТАҢДАУЫН ЖАСАДЫ

Bastynews

Д.САТЫБАЛДЫ: “АУЫЛДАРДЫ ӨРКЕНДЕТУГЕ КҮШ САЛАМЫЗ”

Bastynews

ШЫМКЕНТТІК ЖАС ҚҰТҚАРУШЫЛАР ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ ЖАРҚЫРАП КӨЗГЕ ТҮСТІ

bastynews