Ғылым мен білімге негізделген қоғамда болашақ мамандардың бәсекеге қабілеттілігі – сапалы даярлық пен кәсіби дағдыны талап етеді. Бұл бағытта ұйымдастырылатын пәндік олимпиадалар студенттердің теориялық білімін тексеріп қана қоймай, олардың ғылыми ойлау қабілетін, шығармашылық әлеуетін және практикалық шеберлігін бағалауға мүмкіндік береді.
Осыған орай, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде өткен XVII республикалық пәндік олимпиадаға М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Аграрлық факультеті, «Ветеринарлық медицина» кафедрасының студенттері қатысып, жоғары нәтижеге қол жеткізді.
Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл білім бәйгесіне еліміздің жетекші 8 жоғары оқу орнынан үздік студенттер қатысып, болашақ ветеринар мамандары арасында мықтыны анықтады. Олимпиада барысында қатысушылар тек теориялық сауаттылығын ғана емес, жануарлар ауруларын диагностикалау, емдеу жолдарын ұсыну, алдын алу шараларын әзірлеу секілді күрделі практикалық тапсырмаларды да орындады.
М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың намысын қорғаған АП-21-8дк3 тобының студенттері –Зиятхан Кенже, Абдулла Лаура, Ергебек Шапағат
өз білімдері мен дайындық деңгейін жоғары деңгейде дәлелдеп шықты.
Олимпиада нәтижесінде ерекше көзге түскен Абдулла Лаура жүлделі II дәрежелі дипломмен марапатталды. Бұл жетістік – оның терең ғылыми білімі мен өз ісіне деген жауапкершілігінің айқын дәлелі. Лаураның жұмысында мамандыққа деген сүйіспеншілік, ғылыми көзқарас пен аналитикалық ойлау қабілеті айқын байқалды.
Ал команда құрамындағы Зиятхан Кенже мен Ергебек Шапағат та жоғары белсенділік танытып, білім сайысында өз үлестерін қосты. Олимпиадаға қатысушы үштік ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хатпен марапатталды.
Бұл жетістік – тек студенттердің ғана емес, сонымен қатар оларды білім мен ғылымға баулыған топ жетекшісі, аға оқытушы А. Қамбаровтың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Студенттерді олимпиадаға дайындау барысында ол пәндік білімді тереңдету, практикалық машықты жетілдіру, ғылыми ойлауды қалыптастыру бағытында аянбай еңбек етті.
Ұстаздың білікті бағыт-бағдары мен қолдауы студенттердің сенімділікпен сынға түсуіне жол ашты.
М.Әуезов атындағы ОҚУ студенттерінің бұл жетістігі — университеттің сапалы білім берудегі табандылығының, ғылыми-әдістемелік жүйесінің және оқытушылар құрамының кәсібилігінің көрінісі.
Студенттердің республикалық олимпиадада көрсеткен нәтижелері — университет қабырғасындағы білім берудің тиімділігін, жастардың ғылымға деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді. Бұл – келешекте ел игілігі үшін еңбек ететін, кәсібін сүйетін мамандардың қалыптасып жатқанының дәлелі.
