Білім мен бәсекенің заманауи кеңістігінде шынайы кәсіби шеберлік пен терең білім ғана жеңіс әкелетіні анық. Мұндай маңызды сын алаңдарының бірі – жыл сайын өткізілетін республикалық пәндік олимпиадалар. Бұл білім сайысы – тек студенттердің теориялық дайындығын бағалау құралы ғана емес, сонымен қатар болашақ мамандардың кәсіби біліктілігін, заманауи ойлау деңгейін және практикалық машықтарын саралайтын маңызды алаң.
С.Қаниева атындағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде өткен Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары арасындағы XVII Республикалық пәндік олимпиадада М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Bookliders» командасы топ жарып, жүлделі І орынды иеленді.
Аталмыш білім сайысына елдің төрт алдыңғы қатарлы жоғары оқу орнынан төрт команда қатысты:
- Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,
- Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті,
- М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті,
- Ж.А. Тәшенов атындағы университет.
Бұл олимпиада тарих және педагогика саласында оқып жатқан болашақ мамандар үшін маңызды платформаға айналды. Әр команда берілген тапсырмалар негізінде теориялық білімдерін практикамен ұштастырып, тарихи-мәдени мұраларды зерделеу, мұражай ісін жүйелеу, ғылыми-талдамалық жұмыс жүргізу бағыттарында өздерінің білім мен дағдыларын ортаға салды.
М.Әуезов атындағы ОҚУ-дің «Тарих және педагогика» факультетінің «Жалпы тарих және музей ісі» кафедрасынан құралған «Bookliders» командасы бәсекелестік жоғары болған сайыста үздік нәтижелермен ерекшеленді.
Команда құрамы:
- Абдужаппар Айша Ердәулетқызы – команда капитаны
- Ұласбек Жанна – ТП-22-14к
- Исахан Айгүл – ТП-23-14к
- Зайырбек Гүлсая – ТП-23-14к
- Темірбекова Әсем – ТП-24-14к
Команданы дайындаған жетекші – аға оқытушы, магистрант Тоиева Меруерт Есенгельдиевна. Ұстаздың бағыт-бағдары мен әдістемелік қолдауы, студенттердің шығармашылық еркіндігімен үйлесіп, нәтижесінде зор жетістікке жеткізді.
Айта кету керек, М.Әуезов атындағы ОҚУ-дің білім беру процесінде дуалды оқыту жүйесі белсенді түрде енгізілген. Бұл жүйе теория мен практиканы өзара сабақтастырып, студенттердің кәсіби тұрғыдан еркін қалыптасуына мүмкіндік береді.
Олимпиада аясында қатысушылар дуалды оқыту жүйесінің аясында университет кітапханасында өтіп жатқан практикалық сабақ үлгілерін көрсете отырып, жоғары балл жинады. Бұл тәсіл олардың оқу барысында тек теориямен шектелмей, нақты тәжірибе арқылы өз саласын жан-жақты игеріп жатқанын дәлелдеді.
«Bookliders» командасының жеңісі – тек бір сәттік табыс емес, бұл күнделікті оқу процесіне деген адал көзқарастың, білімге деген құштарлықтың және ұжымдық ынтымақтың жемісі. Олар өздерінің білім деңгейін, логикалық ойлау қабілетін, тарихи деректерге деген қызығушылығын, музей ісі мен архив жұмыстарындағы кәсіби дағдыларын жоғары деңгейде көрсете алды.
