2025 жылы Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде көрнекті ғалым, академик Е.А. Бөкетовтің 100 жылдық мерейтойына арналған студенттердің ІІІ Халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті.
Бұл шара Қазақстан мен шетелдің жас ғалымдарын біріктіріп, ғылыми қоғамдастық үшін жаңа идеялар алаңына айналды. Ауқымды шараға шетелдік және отандық жоғары оқу орындарының белсенді қатысуымен ерекшеленді. Атап айтқанда, шетелдік 8 университеттен және Қазақстанның 17 жетекші оқу орнынан студенттер мен жас зерттеушілер ғылыми мақалаларын ұсынды. Бұл конференцияның халықаралық мәртебесін, сондай-ақ еліміздің ғылыми қоғамдастығы тарапынан көрсетілген жоғары сенімді білдіреді. Бұл — жас ғалымдарға ғылымдағы табыстарды дәріптеуге және әрі қарайғы зерттеу жұмыстарына шабыт беретін жүйенің мысалы.
Университетіміздің студенттері де бұл бастамаға белсенді атсалысып, барлығы 534 ғылыми мақала ұсынып, олар арнайы жарық көрген конференция жинағына енгізілді. Бұл – Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде білім алушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына деген қызығушылығының артып келе жатқанын және ғылыми ортада өз орнын табуға талпыныс жасап жатқанын көрсетеді.
Конференция аясында жас ғалымдар мен студенттер өзекті ғылыми бағыттар бойынша баяндама жасап, тәжірибе алмасуға, пікір алуға және жаңа идеяларды талқылауға мүмкіндік алды. Қатысушылар арасында экономика, ақпараттық технологиялар, филология, құқықтану, медицина, педагогика және жаратылыстану ғылымдары секілді әртүрлі сала өкілдері болды. Бұл көпсалалы конференцияның басты мақсаты – ғылымды студенттер арасында насихаттау және жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін арттыру.
Іс-шара соңында үздік баяндамалар іріктеліп, авторларына университет ректорының Алғыс хаттары мен дипломдары табысталды. Бұл марапаттар жас ғалымдардың ынтасын арттырып, алдағы уақытта іргелі ғылыми зерттеулермен айналысуына үлкен серпін берері сөзсіз.
Жалпы алғанда, студенттердің ІІІ Халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы – білім мен ғылымды ұштастыратын, жас буынға бағыт-бағдар беретін маңызды платформа. Мұндай іс-шаралар университетімізде қалыптасқан ғылыми-инновациялық ортаның тұрақты дамуын қамтамасыз етеді.