Қоғам Мәдениет

ШЫМКЕНТТІК ГРАНТ ИЕГЕРЛЕРІНЕ МІНДЕТ: ТЕГІН БІЛІМ ҮШІН – ЖҰМЫСПЕН ӨТЕУ

Мемлекеттік грант негізінде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алған түлектер үшін оқу аяқталғаннан кейінгі басты талап – алған білімді жұмыспен өтеу. Бұл талап бакалавриатпен қатар, магистратура, резидентура және докторантура бағдарламаларында оқығандарға да қатысты.

Биыл Шымкент қаласындағы жоғары оқу орындарын 41 264 адам бітіріп шықты. Олардың 10 мыңнан астамы – мемлекеттік грант иегерлері. Демек, бұл түлектер оқуына кеткен мемлекет қаржысын жұмыспен өтеуге міндетті.

Грантты өтеуге міндетті азаматтар келесі 6 санатқа жатады:

  1. Ауылдық квота: Педагогикалық, медициналық, ветеринариялық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алған ауыл жастары ауылдық жерде орналасқан ұйымдарда кемінде 3 жыл жұмыс істеуі тиіс.
  2. «Серпін» жобасы: Жоба аясында білім алған түлектер Үкімет бекіткен өңірлерде 2 жыл еңбек етуі қажет.
  3. Педагогикалық және медициналық мамандықтар: Аталған бағытта (бакалавриат, магистратура, резидентура) оқығандар 3 жыл тиісті білім беру немесе денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыс істеуге міндетті.
  4. Басқа мамандықтар: Мемлекеттік грантта оқыған өзге бағыттағы мамандар кемінде 3 жыл жұмыс істеуі керек. Меншік нысаны маңызды емес.
  5. Бейіндік докторантура: Түлектер 3 жыл мемлекеттік органдарда, ғылыми ұйымдарда, ЖОО-да, колледждерде немесе НЗМ-де қызмет етеді.
  6. Ғылыми-педагогикалық докторантура (PhD): Оқуды бітіргеннен кейін 3 жыл тиісті ұйымдарда немесе денсаулық сақтау мекемелерінде жұмыс істеуі тиіс.

Грантты өтеу үшін нақты мамандығыңыз бойынша емес, сол саладағы тиісті ұйымдарда жұмыс істеу жеткілікті. Мысалы, қазақ тілі пәнінің мұғалімі мектепте бос орын болмаған жағдайда сол мектепте іс жүргізуші болып істей алады.

Педагогикалық, медициналық, ауыл шаруашылығы және ветеринариялық мамандықтардан басқа түлектер де кез келген салада, кез келген меншік түріндегі ұйымдарда 3 жыл еңбек ету арқылы грантты өтей алады.

 Грантты өтемеген жағдайда не болады?

Міндеттемесін орындамаған түлектер грант сомасын мемлекетке қайтарады. Шәкіртақыны қайтару міндетті емес. Алдымен ескерту мен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Хабарлама:

  • «Қазпошта» арқылы;
  • Egov порталы;
  • «1414» байланыс орталығы арқылы жіберіледі.

Егер нәтиже болмаса, Қаржы орталығы шығындарды сот тәртібімен өндіріп алу шараларын қолданады.

2022–2024 жылдар аралығында елімізде 45 532 түлек мемлекеттік грантты өтеу міндетін орындамаған. Мемлекеттің жасаған мүмкіндігін бағалау – азаматтық жауапкершілік. Тегін білімнің қайтарымы – жұмыспен өтеу. Ел дамуына өз үлесіңді қос!

Қатысты жаңалықтар

ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БАСЫМДЫЛЫҒЫ

bastynews

ТАРИХИ ӘДІЛЕТТІЛІК ЖОЛЫНДАҒЫ ҚАДАМ: МЕМЛЕКЕТТІК КОМИССИЯНЫҢ ҮШ ЖЫЛДЫҚ ЖҰМЫСЫ

bastynews

Шудағы шу: Тергеу басталды

Bastynews