Шымкент қалалық әкімдігі 2025–2026 оқу жылына арналған жоғары білім беру саласындағы нысаналы даярлық шеңберінде Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіне (ОҚПУ) 20 білім грантын бөлді. Аталған гранттар тарих және педагогика факультетінің «Арнайы педагогика» мамандығына қарастырылған.
Жыл сайын еліміздің әкімдіктері еңбек нарығының сұранысына сәйкес, өңірлерде аса қажет мамандықтар бойынша жоғары оқу орындарына грант бөледі. Бұл бастама — кадр тапшылығы сезілетін салаларды мамандармен қамтамасыз етуге бағытталған. Шымкент қалалық әкімдігі биыл жергілікті бюджет есебінен барлығы 285 грант бөлген болатын. Соның ішінде 20 грант ОҚПУ-ға тиесілі.
Бөлінген 20 гранттың басым бөлігі қазіргі таңда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін дефектолог мамандарды даярлауға бағытталып отыр. Арнайы педагогика саласындағы білікті кадрларға деген сұраныс жылдан жылға артып келеді. Бұл — инклюзивті білім беру жүйесін дамытудағы аса маңызды қадамдардың бірі.
Гранттар әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссияның шешімімен бөлінді. Комиссия құрамына салалық басқармалар, жоғары оқу орындарының өкілдері, білім саласының сарапшылары мен еңбек нарығының қажеттілігін талдайтын мамандар енген. Шешім қабылдау барысында өңірлік қажеттілік, мамандықтың маңыздылығы және болашақта жұмыспен қамтылу әлеуеті ескерілді.
«Арнайы педагогика» мамандығы қазіргі кезде қоғамда ерекше маңызға ие болып отыр. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеу үшін жоғары кәсіби дайындық пен ерекше әдістемелік машық қажет. Осы орайда ОҚПУ-дың аталған мамандық бойынша білім беру бағдарламалары заманауи талаптарға сай әзірленіп, тәжірибеге бағытталған оқытуға басымдық берілуде.
Айта кету керек, нысаналы грант иегерлері оқу аяқталған соң жергілікті атқарушы орган бекіткен мекемелерде кемінде үш жыл еңбек етуі тиіс. Бұл шарт — білім алған мамандардың өңірде тұрақтап, өз саласында қызмет атқаруын қамтамасыз етуді көздейді. Аталған бастама жастарды мақсатты оқыту арқылы өңірлік қажеттілікті өтеуге бағытталған тиімді шешімдердің бірі болып отыр.
Шымкент қалалық әкімдігі мен білім басқармасы тарапынан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Әсіресе білім беру, денсаулық сақтау, инженерия, ауыл шаруашылығы сынды салаларда кадр тапшылығын жою мақсатында жергілікті гранттар көлемі кезең-кезеңімен арта түсетін болады.
Білім беру саласына көрсетіліп жатқан мұндай қолдау – өңірлік дамудың, адами капиталды күшейтудің, сондай-ақ жастарды әлеуметтік қолдаудың нақты көрінісі. Өз кезегінде, бөлінген гранттар арқылы сапалы білім алып шыққан жас мамандар ел игілігіне қызмет етіп, қоғамда өз орнын табатынына сенім мол.
