Өзбекәлі Жәнібеков атындағы педагогикалық университетінің Үздіксіз білім беру орталығы ұйымдастырған «Ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің пәндік-кәсіби құзыреттіліктерін дамыту» атты біліктілікті арттыру курсы сәтті аяқталды. Бұл шара – университет тарихындағы мектеп мұғалімдеріне арналған алғашқы кәсіби даму курсы ретінде айрықша маңызды әрі үздік бастама болды.
Курсқа Түркістан облысы мен Шымкент қаласының жалпы білім беретін мектептерінен ағылшын тілі пәнінің 17 мұғалімі қатысып, пәндік және әдістемелік құзыреттіліктерін одан әрі жетілдіруге бағытталған оқу бағдарламасын табысты меңгерді. Оқу барысында қатысушыларға заманауи педагогикалық технологиялар, инновациялық әдіс-тәсілдер, сондай-ақ цифрлық білім беру құралдарын тиімді пайдалану әдістері жан-жақты таныстырылды. Мұғалімдер бұл құралдар мен әдістерді өз сабақтарында тиімді енгізу арқылы білім беру сапасын арттыруға үлкен мүмкіндік алды.
Курс мазмұны Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің №175 бұйрығына сәйкес әзірленіп, ресми түрде бекітілген. Осы бағдарлама аясында теориялық білім берумен қатар, практикалық тренингтер мен семинарлар ұйымдастырылып, мұғалімдердің кәсіби дағдылары мен құзыреттері жүйелі түрде дамытылды. Курсты өткізуге университеттің жоғары білікті профессор-оқытушылар құрамы мен тәжірибелі тренерлер жұмылдырылды. Олардың кәсіби біліктілігі мен педагогикалық тәжірибесі тыңдаушылардың білім деңгейін көтеруге үлкен үлес қосты.
Курстың салтанатты жабылу рәсімінде университеттің Басқарма төрағасы және ректор міндетін атқарушы Гүлжан Сүгірбаева құттықтау сөз сөйлеп, қатысушылардың кәсіби ізденістеріне жоғары баға берді. Өз сөзінде ол осындай курстардың алдағы уақытта да тұрақты түрде ұйымдастырылатынын және университет пен өңір мектептері арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі нығая түсетінін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, мұғалімдердің үздіксіз кәсіби дамуы – сапалы білім берудің басты кепілі екендігін және мемлекет тарапынан бұл бағыттағы қолдау жұмыстары жалғасатынын жеткізді.
Барлық тыңдаушыларға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің №95 бұйрығы негізінде арнайы сертификаттар табысталды. Бұл сертификаттар олардың кәсіби деңгейін растап, болашақта педагогикалық қызметте жаңа жетістіктерге жетулеріне ықпал етеді.
Бұл курс – ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің кәсіби құзыреттіліктерін арттыруға бағытталған маңызды бастама ғана емес, сонымен қатар білім беру жүйесінде мұғалімдерді қолдау мен олардың кәсіби өсуіне жағдай жасау жолындағы нақты қадам. Мұндай курстар мұғалімдердің заманауи әдістерді меңгеруіне, өз пәндерін жаңаша және тиімді оқытуына септігін тигізеді. Сонымен қатар, цифрлық технологияларды оқыту үдерісіне енгізу білім беру саласында инновацияны дамытуға жол ашады.
