Шымкент университетінде 2007 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты, БҰҰ Бас хатшысының климаттың өзгеруі жөніндегі кеңесшісі Рае Квон Чунгпен мазмұнды кездесу өтті. Белгілі ғалым оқу орнына арнайы қонақ ретінде шақырылып, университет ректорының жетекшілігімен өткен дөңгелек үстелге университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы және студенттер қатысты.
Рае Квон Чунг қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруіне бейімделу және жаһандық экологиялық саясат мәселелерімен 1990 жылдардан бері айналысып келеді. Ол 1992 жылы Рио-де-Жанейрода өткен БҰҰ Жер саммитіне және 2025 жылдың сәуірінде Самарқандта өткен климат жөніндегі саммитке қатысқан. Оңтүстік Кореяның Сыртқы істер және сауда министрлігінде де жауапты қызмет атқарған.
Кездесу барысында ғалым климаттың өзгеруін адамзат өркениетіне төнген аса қатерлі қауіп ретінде атап өтті. Оның айтуынша, адам әрекетінің қоршаған ортаға әсері қайтарылмайтын шекке таяп келеді. Осы орайда ол «Жасыл өсу» тұжырымдамасын ұсынды. Бұл модель жаңартылатын энергия көздерін дамыту арқылы көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтуға, экономикалық өсімді сақтау мен жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған.
Рае Квон Чунг жаңғыртылатын энергияны пайдалану тек шығын ғана емес, ұзақ мерзімді тұрақты даму кепілі екенін атап өтті. Мысал ретінде Түркістан облысында іске асырылып жатқан «Жасыл мақта» смарт-фабрикасы жобасын келтірді. Бұл жоба күн батареялары арқылы энергия өндіруді көздейді және өңірдің экологиялық-экономикалық дамуына үлес қоспақ.
Шымкентте жасыл желек аумақтарын ұлғайтып, микроклиматты қалыптастыру арқылы тұрғындардың демалуына жайлы орта құруда бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда
А.Асқаров атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағында Ташкент қаласының ботаникалық бағымен ағаш бұта тұқымдарын алмастыру мақсатында көшет түрлері 214-тен 251-ге дейін ұлғайды.
Қала орталығындағы ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру де маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Көптеген жылдар бойы бұл жүйелердің дұрыс жұмыс істемеуі микроклиматқа кері әсерін тигізген еді.
Кездесу соңында қатысушылар ғалымға өз сауалдарын қойып, климаттың өзгеруіне қарсы әрекет етудің маңыздылығы туралы пікір алмасты. Рае Квон Чунгтың ой-пікірлері студенттерге экологиялық жауапкершілік пен жаһандық ойлау тұрғысынан жаңа серпін берді.