2024 жылдың 26 ақпанында Орталық Азия Инновациялық университетінің студенттері үшін үлкен қуанышқа толы маңызды оқиға орын алды. Университет аумағында жаңа, заманауи спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті. Бұл — білім ордасы үшін ғана емес, өңір жастары үшін де маңызды, салауатты өмір салтын насихаттайтын игілікті нысан. Спорт кешені университеттің құрылтайшысы, көреген әрі жастар болашағына бейжай қарамайтын тұлғаның бастамасымен және тікелей қолдауымен салынды.
Жаңа спорттық нысан заманауи талаптарға сай жабдықталып, халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді. Кешеннің жалпы аумағы – 2136 шаршы метр, биіктігі – 11 метр. Ғимараттың сәулеті мен құрылымы студенттер мен оқытушылардың жайлы әрі қауіпсіз жағдайда дене шынықтырумен және спортпен айналысуына мүмкіндік береді. Бұл спорт кешені — университеттің оқу процесі мен спорттық инфрақұрылымын дамыту жолындағы ірі жетістіктердің бірі.
Кешен ішінде бірнеше функцияны атқаратын кең орындар қарастырылған. Атап айтқанда, 3 оқу аудиториясы студенттердің теориялық білім алуына арналған. Сонымен қатар, 2 арнайы киім ауыстыру бөлмесі, жуыну бөлмелері, жаттығуға дейінгі және кейінгі гигиеналық талаптарға толықтай сай. Спорттың үстел үстінде ойналатын түрлеріне – яғни үстел теннисі, шахмат, дойбы сияқты зияткерлік ойындарға арналған арнайы кабинеттер де бар.
Салтанатты ашылу рәсіміне университет басшылығы, оқытушылар құрамы, студенттер және арнайы шақырылған қонақтар қатысты. Шара барысында сөз сөйлеген университет ректоры:
– «Бұл кешен – біліммен қатар спортқа да ерекше көңіл бөлетін, жан-жақты дамыған тұлғаларды тәрбиелеу жолындағы үлкен қадам. Студенттеріміз тек білімді ғана емес, денсаулығы мықты, қайратты азамат болып өсуі тиіс. Бұл кешен сол мақсатты жүзеге асырудың бір бөлігі», – деп атап өтті.
Жаңа кешен есігін ашқан күннен бастап-ақ студенттер белсенді түрде жаттығуларын бастап кетті. Кешен тек күнделікті дене шынықтыру сабағының орны емес, үлкен бір спорттық өмірдің ошағына айналуда. Университет ұжымы алдағы уақытта мұнда факультетаралық спартакиадалар, ашық турнирлер мен түрлі деңгейдегі чемпионаттар өткізуді жоспарлап отыр.
Жастар – ел болашағы. Ал олардың біліммен қатар денсаулығы мықты, өмірге бейім болып өсуі – қоғам үшін маңызды. Осы бағыттағы бастамалар мен жобалар алдағы уақытта да өз жалғасын табатынына сенім мол.