Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты мемлекеттік білім беру ұйымдарында білім алушылардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз ету мақсатында жүйелі түрде жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте оқушыларды тасымалдау, санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуы және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері тұрақты бақылауда.
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шілдедегі № 476-II «Автомобиль көлігі туралы» Заңының 14-бабына сәйкес, қала аумағында мектеп оқушыларын арнайы көлікпен тасымалдау ұйымдастырылмайды. Аталған заңнамаға сәйкес, оқушыларды арнайы тасымалдау тек шалғай, ауылдық елді мекендер үшін қарастырылған.
Шымкент қаласы – еліміздегі ірі мегаполис ретінде дамыған қоғамдық көлік жүйесіне ие, қала ішіндегі барлық мектептер көпшілік қатынай алатын бағыттармен қамтылған. Осыған байланысты қала аумағындағы білім беру ұйымдарына балалардың қатынауын қамтамасыз ету мақсатында қосымша тасымалдау қажеттілігі туындамай отыр. Жолаушылар тасымалы қалалық жолаушылар көлігі бағыттары арқылы қамтамасыз етілуде.
Білім беру ұйымдарында оқушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау – басты басымдықтардың бірі. Осы орайда Шымкент қаласы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасымен бірлескен мониторингтік тексеру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп отырады.
2025 жылдың шілде айына дейінгі есеп бойынша, Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты мемлекеттік мектептерде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзу фактілері тіркелмеген. Бұл – білім беру ұйымдарының санитарлық жағдайының тиісті деңгейде екенін, мектеп асханаларында, су мен тазалық жүйелерінде санитарлық нормалардың сақталып отырғанын көрсетеді.
Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан жыл сайын білім беру ұйымдарында өрт қауіпсіздігіне қатысты тексерулер жүргізіліп келеді. Бұл шаралар мектептердегі өртке қарсы жүйелердің жай-күйін, техникалық жарақтануын және эвакуациялық жолдардың қолжетімділігін бағалауға бағытталған.
Аталған тексерулер нәтижесінде 12 мектепте автоматты өрт дабыл жүйесінің істен шыққаны анықталған. Бұл мәселені жедел түрде шешу мақсатында білім беру мекемелерінің басшылығы тарапынан нақты шаралар қабылданды. Атап айтқанда:
- Әр мектеп өз қаражаты есебінен (үнемделген бюджет қаржысы) жаңа автоматты өрт дабыл жүйесін сатып алып, орнатып берді;
- Орнатылған жүйелер толық іске қосылып, пайдалануға берілді;
- Қызмет көрсетуші ұйымдармен техникалық қызмет көрсету туралы келісімшарттар жасалды.
2269 символ