Бүгінгі таңда Шымкент қаласында кәмелет жасына толмаған 510 044 бала тіркелген. Бұл көрсеткіш – мегаполистегі бала санының көптігін және балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік қолдаудың өзектілігін айқын көрсетеді.
Қазақстан Республикасының Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы кодексінің 120-бабының 3-тармағына сәйкес, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында әрбір 5 000 балаға кемінде бір маманнан бөлінуі тиіс. Осы заңнамаға сәйкес, Шымкент қаласы бойынша кемінде 97 қызметкердің жұмыспен қамтылуы талап етіледі.
Қазіргі уақытта Шымкент қаласының білім басқармасы тарапынан қорғаншылық және қамқоршылық қызметіне 97 штаттық бірлік бөлінген. Оның ішінде:
- 7 мемлекеттік қызметкер;
- 90 азаматтық қызметкер санаты бойынша қарастырылған.
Алайда бүгінгі күнге дейін бұл салада барлығы 23 маман еңбек етуде, оның ішінде:
- 6 қызметкер – мемлекеттік әкімшілік лауазымда,
- 17 қызметкер – азаматтық қызметкер ретінде жұмыс атқаруда.
Осыған байланысты бос тұрған 74 штаттық бірлікке жаңа мамандарды қабылдау бойынша ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Қызметке алу кезінде кәсіби даярлық, біліктілік талаптары мен балалармен жұмыс істеу тәжірибесі бар кадрларға басымдық беріледі.
Қорғаншылық және қамқоршылық саласындағы қызметті тиімді үйлестіру, бақылау және орталықтандыру мақсатында 2024 жылғы 11 желтоқсандағы №6639 қаулысымен Шымкент қаласы әкімдігінің шешімімен «Қорғаншылық және қамқоршылық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Бұл мекеме Шымкент қаласы білім басқармасының құрылымына қарасты және оған арнайы 90 азаматтық қызметкерге арналған штаттық бірлік бекітілген.
Жаңа мекеменің басты міндеттері:
- ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау;
- жетім балалар мен ерекше қажеттілігі бар жасөспірімдерге заңнама аясында қолдау көрсету;
- отбасы тәрбиесіне мұқтаж балаларға қорғаншылық пен қамқоршылық белгілеу;
- бала асырап алушылар мен қамқоршыларға әдістемелік, құқықтық көмек көрсету;
- балалардың әлеуметтік жағдайы мен өмір сүру сапасына мониторинг жүргізу.
Мекеменің құрылуы балалардың құқықтарын қорғау жүйесінің сапасын арттыруға, тиімділігі жоғары, уақтылы және құқықтық тұрғыдан жүйелі шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
2043 символ