Білім беру балабақша табалдырығынан басталады десек ешқашан қателеспейміз. Барлық білімнің бастауы – балабақшада. Мектепке дейінгі мекемелерде тәрбие мен білім саласында заманауи педагогикалық технологиялар қаншалықты маңызды болса, мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту мен тәрбиелеуде де педагогикалық технологиялар ұғымы кеңінен қолданылатын ұғымның біріне айналды. Ендеше мектепке дейінгі білім беру саласының басты міндеттерінің бірі – өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбие беру үрдісіне заманауи әдістерін енгізу.
Қала аумағында барлығы 634 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары жұмыс атқаруда. Оның ішінде 71-і – мемлекеттік, 563-і – жекеменшік балабақша. Балаларға қолжетімді және сапалы мектепке дейінгі білім беру қызметін ұсыну – білім саласындағы негізгі басымдықтардың бірі болып табылады.
Бүгінгі таңда мемлекеттік 71 балабақшаның бірінде, нақтырақ айтқанда, 1983 жылы салынған №97 «Ақмарал» балабақшасында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатта жергілікті бюджеттен 349,0 млн теңге қаражат бөлінді. Жөндеу жұмыстары мекеме аумағын толық абаттандыруды және балаларға жайлы орта қалыптастыруды көздейді.
Сонымен қатар, барлық мемлекеттік балабақшаларда ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Бұл – ғимараттардың техникалық жағдайын жақсарту және санитарлық-гигиеналық талаптарға сәйкестігін қамтамасыз ету үшін қолға алынған маңызды шара.
Мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдардағы кадрлық тұрақтылық та басты назарда. Бүгінгі таңда 4 балабақшада меңгеруші лауазымы бос тұр. Олар: №31 «Салтанат» балабақшасы (7 айдан бері), №51 «Алихан» (2 жылдан астам), №54 «Асыл арман» (2 жылдан астам) және №28 «Гауһар» (1 айдан бері). Бұл орындарға білікті мамандарды тарту жұмыстары жалғасуда.
Қаладағы 71 мемлекеттік балабақшада қазіргі таңда 19 225 бала тәрбиеленуде. Бұл көрсеткіш Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің 2024 жылғы 30 желтоқсандағы №372 бұйрығы және ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 19 маусымдағы №254 бұйрығына сәйкес қалыптастырылған. Оның ішінде 64 жалпы балабақшада – 15 869 бала, ал арнайы бағыттағы 7 мемлекеттік мекемеде – 780 бала тәрбиеленуде.
Мектепке дейінгі білім беру жүйесін жаңғырту және дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Негізгі мақсат – балаларға сапалы білім мен тәрбие беру арқылы олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау.