Ақпарат

ТҮРКІСТАН: ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ ЖЕТІСАЙДА ЗАМАНАУИ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ НЫСАНДАРЫ ҚОЛДАНЫСҚА БЕРІЛДІ

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында Түркістан облысы, Жетісай ауданында құрылысы жүргізілген 3 медициналық көмек беру нысаны ел игілігіне тапсырылды.

Мақталы ауылдық округінің Алмалы және Алтынсарин елді мекендерінде бой көтерген фельдшерлік-акушерлік пункттердің құрылысы биыл мамыр айында басталып, қыркүйекте аяқталған. Қос нысанда 10 дәрігер 2114 тұрғынға медициналық қызмет көрсетеді. 1960-1961 жылдары салынған ескі ғимараттар апатты жағдайға жеткендіктен қолданыстан шығарылған еді.

Ал Ж.Ералиев ауылдық округінің Бәйтерек елді мекенінде ашылған «Бәйтерек» дәрігерлік амбулаториясында 10 қызметкер жұмыс істейді. Бұл нысан 2150 тұрғынға қызмет көрсетеді. Ескі ғимарат 1963 жылы салынғандықтан тозығы жеткен, ал жаңа нысанның құрылысы өткен жылдың мамыр айында басталған.

Денсаулық сақтау нысандарының салтанатты ашылуына Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, сондай-ақ жергілікті тұрғындар қатысып, ауыл тұрғындарын айтулы қуаныштарымен құттықтады. Нысандардың ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, денсаулығын жақсартуға мүмкіндік беретініне сенім білдірілді.

Нысандардың ерекшеліктері мен артықшылықтары:

  • Барлық медициналық мекемелер аса қажетті білікті кадрлармен қамтамасыз етілген.
  • Заманауи медициналық құрал-жабдықтар орнатылған, диагностикалық және емдік қызмет көрсетуге толық дайын.
  • Ауыл тұрғындары енді алысқа бармай-ақ өз елді мекенінде сапалы медициналық көмек ала алады.
  • Жергілікті денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған.

Айта кетейік, Жетісай ауданында 70 денсаулық сақтау нысанында 486 төсек-орын бар, оның ішінде 381 ақ желеңді қызмет етеді. Биылғы 8 айда 2242 бала туылып, табиғи өсім 9,6%-ды құрады.

Болашақ жоспарлар:

  • 1 аурухана күрделі жөндеуден өтуде.
  • 2 дәрігерлік амбулатория мен 6 фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы жалғасуда.
  • Медициналық қызмет көрсету аясында ауыл тұрғындарының қолжетімділігін арттыру, заманауи технологияларды енгізу және дәрігерлердің біліктілігін жетілдіру бойынша шаралар қолға алынуда.

Жетісайдағы жаңа нысандар халықтың денсаулығын жақсартуға, ауруларды ерте анықтау мен алдын алуға зор мүмкіндік береді. Бұл жобалар ауылдық жерлерде сапалы медициналық қызметті қамтамасыз ету, тұрғындардың өмір сапасын арттыру және Тәуелсіздіктің жемісті көрінісі ретінде бағаланып отыр.

Қатысты жаңалықтар

ҚАЛАДА АУЫР ЖҮК КӨЛІКТЕРІНІҢ ЖҮРІСІНЕ ШЕКТЕУ ҚОЙЫЛДЫ

Bastynews

ҒАЛАМДЫҚ КЛИМАТ ЖӘНЕ ОРНЫҚТЫ ДАМУ: НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫ РАЕ КВОН ЧУНГ ШЫМКЕНТ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ

bastynews

ЗАМАНАУИ ЗЕРТХАНА: «ОЛИМП» КЛИНИКАЛЫҚ-ДИАГНОСТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

bastynews