Астана қаласында «Bilim-orkenieti» ұлттық ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен дарынды оқушылар арасында өткен «Үздік ғылыми жоба авторы» республикалық байқауында Шымкент қаласының жас өнертапқышы — №2 Оқушылар сарайының гидропоника үйірмесіне қатысушысы Бекнасыр Еркінов ерекше табысқа қол жеткізді. Жас зерттеуші 50-ге жуық қатысушы арасынан озық шығып, І дәрежелі диплом, Қ.Сәтбаев атындағы медаль және «Үздік ғылыми жоба авторы» кубогымен марапатталды.
Бекнасыр Еркінов байқауға «Үй жағдайында мандарин мен лимон өсіру және олардың адам денсаулығына пайдасы» атты ғылыми жобасын ұсынды. Жоба аясында оқушы гидропоника әдісі арқылы жылыжайсыз, топырақсыз жағдайда цитрус жемістерін өсірудің жолдарын зерттеп, олардың биологиялық ерекшеліктері мен емдік қасиеттерін ғылыми негізде сипаттап берді.
Жас ғалым өз жұмысында цитрусты жемістердің иммундық жүйені нығайтудағы, дәрумендік құндылығы мен экологиялық қауіпсіздік тұрғысындағы артықшылықтарын дәлелдеп, жоба нәтижесін нақты эксперименттік деректермен толықтырды. Сонымен қатар, зерттеу барысында Бекнасыр өсімдіктердің өсуіне жарық, су және температура режимінің әсерін де саралап көрсетті.
№2 Оқушылар сарайында 30-ға жуық оқушыны біріктіретін гидропоника үйірмесі жұмыс істейді. Үйірмеде оқушылар агробиотехнология негіздерін, топырақсыз өсімдіктер өсіру әдістерін және экологиялық өнім алудың жолдарын меңгеріп келеді. Мұнда жылыжай ортасын модельдеу, автоматтандырылған суару жүйелері және өсімдік биологиясын зерттеу бағыттарында іс-тәжірибелер тұрақты түрде жүргізіледі.
Бекнасыр Еркінов қазіргі уақытта үй жағдайында банан мен ананас өсіру бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ол тропикалық өсімдіктердің жергілікті климаттық жағдайда бейімделу мүмкіндіктерін бақылап, өсіру технологиясын жетілдіруде. Алдағы уақытта ол авокадо өсіруді де қолға алмақ.
Жас зерттеушінің басты мақсаты — жергілікті деңгейде тропикалық жемістерді экологиялық таза әрі үнемді тәсілмен өсіру әдістемесін әзірлеу. Бұл бастама ауыл шаруашылығы мен үй жағдайындағы балама өнім өндіруге қызығушылығы бар оқушыларға тың бағыт ұсынары сөзсіз.
Шымкенттік оқушының бұл жетістігі — білім мен ғылымға деген ерік-жігердің, шығармашылық ізденістің нәтижесі. Жас өнертапқыштың ғылыми әлеуеті мен тәжірибелік зерттеуі – тек өз қатарластарына ғана емес, ересек буынға да үлгі. Сонымен қатар, бұл жеңіс — еліміздегі қосымша білім беру мекемелерінде жүргізіліп жатқан сапалы жұмыстың айқын көрінісі.