Zhanibekov University-де «Орта білім беруді цифрландыру жағдайында болашақ жаратылыстану пәндер мұғалімдерінің STEM-құзыреттерін қалыптастыру» атты гранттық жоба аясында болашақ мұғалімдердің кәсіби дамуына бағытталған маңызды білім бастамасы іске асты. Жобаның ғылыми жетекшісі – химия ғылымдарының кандидаты, доцент Хадиша Әбдірахманова.
Аталған жоба негізінде университеттің білім беру бағдарламасына арнайы Minor бағыты енгізілді. Оның шеңберінде химия және биология, биология мұғалімі, ғылыми биология, сондай-ақ шет тілі мұғалімі мамандықтарының үшінші курс студенттері «STEM-білім берудегі инжиниринг негіздері» атты 5 кредиттік пәнді сәтті аяқтап шықты. Бұл пән болашақ мұғалімдердің инженерлік ойлауын дамытып, ғылыми жобалау қабілетін арттыруға бағытталған.
Курстың қорытынды кезеңінде студенттер өздері әзірлеген жобаларды қорғап, алған теориялық білімдерін тәжірибеде сәтті қолдана білді. Қорғалған жобалар әртүрлі ғылыми және әдістемелік бағыттарды қамтыды. Олар студенттердің инженерлік машықтарын, ғылыми-танымдық әлеуетін және шығармашылық қабілеттерін айқын көрсетті.
Қорғауға ұсынылған жобалар қатарында:
- Гидропоника – топырақсыз өсімдіктерді өсіру жүйесі – экологиялық таза әрі инновациялық ауыл шаруашылығы әдісі.
- Мидың құрылысы – адам миының құрылымын бейнелейтін көрнекі оқу құралы.
- Анатомиялық пазл – анатомияны оқытуға арналған, жинақтап үйретуге көмектесетін визуалды құрал.
- Жасуша ядросының құрылысы – жасуша құрылымын үлкейтілген модель арқылы көрсетуге арналған жоба.
- Өкпеге улы газдардың әсері – экологиялық факторлардың адам ағзасына әсерін зерттейтін ғылыми жоба.
- Қанайналым жүйесінің 3D моделі – биология сабақтарында қолдануға ыңғайлы визуалды макет.
- Абай мұрасы – STEM жолында – ұлы ақын Абай Құнанбайұлының шығармашылығын STEM бағытындағы біліммен ықпалдастыруға бағытталған жоба.
Аталған жобалар студенттердің тек жаратылыстану ғылымдары бойынша білімдерін ғана емес, сонымен қатар қазіргі білім беру талаптарына бейімділігін де көрсетті. Олардың жобалары – күрделі ұғымдарды нақты модельдер мен визуалды құралдар арқылы түсіндіру мүмкіндігінің айқын дәлелі. Бұл болашақ мұғалімдердің сыни ойлауын, командалық жұмыс істеу қабілетін және шығармашылық әлеуетін дамытуға зор үлес қосты.