Шымкент қаласында жаңа оқу жылына дайындық аясында жалпы білім беру ұйымдарына оқушы қабылдау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. 2025–2026 оқу жылы бойынша қала аумағындағы 268 мектепке оқушыларды қабылдау ісі ҚР Білім және ғылым министрлігінің нормативтік талаптарына сай жүзеге асырылуда. 1-сыныпқа қабылдау
Жаңа оқу жылында 1-сыныпқа барлығы 27 546 оқушыны қабылдау жоспарланған.
Құжаттарды қабылдау мерзімі 1 сәуір мен 31 тамыз аралығына белгіленген. Бүгінгі күнге дейін, яғни 29 шілде жағдайы бойынша 21 531 бала мектепке қабылданды. Бұл жоспарланған жалпы көрсеткіштің 78 пайызын құрайды.
Оқушыларды қабылдау екі форматта жүзеге асырылуда:
- Электронды өтініштер – 17 327
- Қағаз жеткізгіштегі өтініштер – 4 204
Сынып тілдік бағыты бойынша көрсеткіштер төмендегідей:
- Қазақ сыныбына – 13 211 оқушы
- Орыс сыныбына – 4 821 оқушы
- Өзбек сыныбына – 3 499 оқушы
Бұл көрсеткіштер Шымкент қаласының үштілділік саясатты қолдай отырып, әртүрлі этнос өкілдері балаларының ана тілінде білім алуына жағдай жасалғанын көрсетеді. 10-сыныпқа қабылдау
Сонымен қатар, 2025–2026 оқу жылында 268 мектепке 10-сынып оқушыларын қабылдау да жүргізілуде. Жалпы 13 000 оқушыны қабылдау жоспарланған. Қабылдау мерзімі 1 шілде мен 31 тамыз аралығында өтеді.
29 шілде күнгі мәлімет бойынша 9 536 оқушы 10-сыныпқа қабылданды, бұл жоспардың 73 пайызын құрап отыр.
Қабылданған өтініштер форматы бойынша:
- Электронды өтініштер – 7 438
- Қағаз жеткізгіштегі өтініштер – 2 098
Сынып тілдік бағытына қарай бөлінісі:
- Қазақ сыныбына – 8 037 оқушы
- Орыс сыныбына – 1 397 оқушы
- Өзге сыныптарға (өзбек және аралас) – 102 оқушы
Бұл деректер білім беру мекемелерінің цифрландыру бағытындағы жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Оқушылар мен ата-аналар үшін ыңғайлы әрі қолжетімді форматта құжат тапсыру мүмкіндігі жасалған. Электронды жүйе арқылы өтініш беру – ата-аналардың уақытын үнемдеп, процесті айқын әрі тиімді етеді.
Білім басқармасының мәліметінше, барлық оқушыларға тең мүмкіндік беріліп, әр оқушының білім алуға құқықтары толық сақталуда. Сонымен қатар, қабылдау науқанының ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету мақсатында қала мектептерінде арнайы жауапты қызметкерлер бекітілген.
Шымкент қаласының білім беру ұйымдары жаңа оқу жылына дайындығын жалғастыруда. Қалған уақыт аралығында ата-аналарға баласын 1 және 10-сыныпқа орналастыру үшін өтініш беру мүмкіндігі сақталады.
📢 Еске саламыз:
- 1-сыныпқа қабылдау 31 тамызға дейін
- 10-сыныпқа қабылдау 31 тамызға дейін жалғасады.
🔗 Өтініштерді қабылдау www.egov.kz электронды порталы және ХҚКО бөлімшелері арқылы жүргізіледі.
Шымкент қаласы білім басқармасы ата-аналарды уақытылы өтініш беруге және ресми ақпарат көздерінен хабардар болып отыруға шақырады. Бала – біздің болашағымыз. Ал сапалы білім – табысты келешек кепілі.