Ақпарат Саясат

ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ҰЖЫМДАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде салынған жаңа үлгідегі мектептердің педагогикалық ұжымдарымен жұмыс кездесулерін өткізді. Кездесулер барысында министр білім беру сапасын арттыру, заманауи білім беру ортасын дамыту, педагогтердің кәсіби әлеуетін күшейту мәселелеріне баса назар аударды.

Кездесу барысында Ғани Бейсембаев «Жайлы мектеп» жобасының еліміздің білім беру жүйесінде ерекше орын алатынын атап өтті. Министрдің айтуынша, бұл бастама білім беру стандарттарын бүкіл республика бойынша теңестірудің және мектептегі оқыту моделін жаңаша жүйелеудің маңызды кезеңі болып отыр. Жоба аясында еліміздің түкпір-түкпірінде тұратын балаларға, олардың тұрғылықты жеріне, әлеуметтік жағдайына қарамастан, заманауи, қауіпсіз, қолайлы мектепте сапалы білім алу мүмкіндігі ұсынылады.

Министр өз сөзінде «Жайлы мектептер» тек заманауи ғимараттармен шектелмей, білім берудің жаңа мазмұнын енгізетін тірек білім беру ұйымдарына айналуы тиіс екенін атап өтті. Бұл мектептерде үздік педагогикалық тәжірибелерді тарату, инновациялық әдістерді енгізу, оқу процесін жаңғырту басты басымдықтардың бірі ретінде белгіленіп отыр. Сонымен қатар, мектептегі басқару жүйесі мен кадрлық құрамға ерекше назар аударылып, тиімді басқару моделін енгізу арқылы білім сапасының тұрақтылығы қамтамасыз етіледі.

«Жайлы мектептер» желісі арқылы біз еліміздің білім беру сапасын кезең-кезеңімен арттыру жүйесін қалыптастырып жатырмыз. Бұл мектептер балалар үшін тек білім ордасы ғана емес, сонымен қатар қауіпсіз, дамытушы, шығармашылық орта болуы керек. Мұғалімдерге қойылатын талаптар да жаңа деңгейге көтеріледі. Біз осы бағытта басқару корпусы мен кадрлық әлеуетті күшейтуді басты міндет ретінде қарастырып отырмыз», — деді министр.

Кездесу барысында педагогтер өз тәжірибелерімен, сондай-ақ оқу процесін жетілдіру бойынша ұсыныстарымен бөлісті. Мұғалімдер тарапынан әдістемелік қолдауды күшейту, жаңартылған білім беру бағдарламаларын тиімді енгізу, мектепішілік бағалау жүйесін жетілдіру, ата-аналарды оқу-тәрбие процесіне белсенді тарту сияқты мәселелер кеңінен талқыланды.

Кездесу аясында педагогтер үшін арнайы семинар ұйымдастырылды. Семинарда «Жайлы мектеп» тұжырымдамасының негізгі бағыттары таныстырылып, мектепішілік басқару, бағалау және мониторинг жүйесінің тиімді тетіктері, кадр ресурстарын басқару тәсілдері, цифрлық білім беру платформаларын қолдану жолдары ұсынылды.

Қатысты жаңалықтар

ПАРИЖСКОЕ СОГЛАШЕНИЕ И ПАРНИКОВЫЕ ГАЗЫ: КАКИЕ ИСТОЧНИКИ ЭНЕРГИИ ВЫЗЫВАЮТ БОЛЬШЕ ВСЕГО ВЫБРОСОВ CO₂?

bastynews

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 460 МЫҢ ТОННА ЕРТЕ КӨКТЕМГІ ӨНІМ ЖИНАУ ЖОСПАРЛАНУДА

Bastynews

ШЫМКЕНТТЕ «ҚАРТТАРЫ БАР ЕЛДІҢ ҚАЗЫНАСЫ БАР» ТАҚЫРЫБЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ

bastynews