Ақпарат

ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТЕ ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ ТАЛҚЫҒА ТҮСТІ

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы «Білім беру және денсаулық сақтау» мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңес отырысында кеңес төрағасы Есенбек Серкебаевтың төрағалығымен инклюзивті білім беру мәселесі қаралды.

Кеңес отырысына партия филиалының Атқарушы хатшысының орынбасары, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Бекайдар Тулегенов және партия филиалының Атқарушы хатшысының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов қатысты.

          Аталған мәселе бойынша Шымкент қаласы Білім басқармасының Әдістемелік орталығының Инклюзивті білім беру бөлімінің жетекшісі Жанна Үтесінова кеңес мүшелеріне ерекше мұқтаждықтары бар балалардың жалпы білім беретін мектептердегі оқыту үрдісі жайлы ақпараттық есебін ұсынды. Оның айтуынша, бүгінде қала мектептерінде инклюзивті білім беру бағытында жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Мектептерде арнайы педагогтар мен психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу мамандары тартылып, мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алуына тең жағдай жасалуда.

          Қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша инклюзивті білім беру бағытында жұмыс істейтін мектептердің саны 134-ке жетіп отыр. Оның ішінде 3 200-ден астам ерекше білім беруді қажет ететін бала білім алуда. Бұл балаларға қолайлы орта қалыптастыру үшін мектептерде 112 логопед, 86 дефектолог, 64 психолог және әлеуметтік педагогтар жұмыс істейді. Сонымен қатар, қалада 9 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 4 оңалту орталығы мен 2 арнайы мектеп-интернат қызмет көрсетеді. Бұл мекемелер оқушыларға кешенді қолдау көрсету бағытында ауқымды жұмыстар жүргізуде.

          Кеңес мүшелері инклюзивті білім беру ісіндегі оң өзгерістермен қатар, шешімін күткен мәселелерге де тоқталды. Атап айтқанда, кадр тапшылығы, материалдық-техникалық база жетіспеушілігі, оқу процесін бейімдеуге қатысты кедергілер және ата-аналармен байланыс орнату мәселелері кеңінен қозғалды.

Жиын қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан айтылған ұсыныстар мен пікірлер хаттамаға енгізіліп, тиісті мекемелерге жолданатын болды. Кеңес төрағасы Есенбек Серкебаев инклюзивті білім беру – тек білім саласының ғана емес, тұтас қоғамның дамуын көрсететін маңызды өлшем екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстың тұрақты бақылауда болатынын жеткізді. Сонымен бірге, ол мұндай маңызды тақырыптар алдағы уақытта да кеңес жұмысының күн тәртібінен түспейтінін айтты.

Қатысты жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАНДА БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРУДЕ: ЖАҢА МЕКТЕПТЕР, МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ЖАЛАҚЫСЫНЫҢ ӨСУІ ЖӘНЕ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ЫСТЫҚ ТАМАҚПЕН ҚАМТЫЛУЫ

bastynews

Шымкентте үшкіл жүйке ауруына қарсы күрделі ота сәтті жасалуда

bastynews

ҮЗДІК ПЕДАГОГТЕР 4 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ СЫЙАҚЫ АЛАДЫ

bastynews