Ақпарат

ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА «АЛТЫН КҮЗ – 2025» МЕРЕКЕСІ ӨТТІ

Төлеби ауданында ҚР «Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні» мерекесіне орай дәстүрлі «Алтын күз – 2025» мерекелік іс-шарасы салтанатты түрде өтті. Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бауыржан Қайратұлы арнайы қатысып, сала ардагерлері мен еңбеккерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, ауыл шаруашылығы саласының аудан экономикасындағы маңызды рөлін атап өтті.

Салтанатты жиында ауыл шаруашылығы саласының дамуына ерекше үлес қосқан бірқатар азаматтарға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет грамотасы», Түркістан облысы әкімінің және аудан әкімінің Алғыс хаттары, сондай-ақ арнайы дипломдар табысталды. Марапат иелерінің көпшілігі – жылдар бойы егіс алқабында, мал шаруашылығында, тамақ өнеркәсібінде еселі еңбек етіп, ауданның аграрлық әлеуетін арттыруға айтарлықтай үлес қосқан мамандар.

Мерекелік шара барысында аудан өнерпаздары шаруа қауымына арнап концерттік бағдарлама ұсынып, жиынның сәнін аша түсті.

Ауыл шаруашылығы саласының көрсеткіштері

Ауданда 2025 жыл қорытындысына сәйкес ауыл шаруашылығы саласында оң динамика сақталып отыр. Биылғы 10 айда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 45,4 млрд теңгені құрады. Оның ішінде:

  • Өсімдік шаруашылығы21,8 млрд теңге;
  • Мал шаруашылығы23,5 млрд теңге.

Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 4,1 млрд теңгеге жетсе, тамақ өнімдері өндірісіне бағытталған инвестиция 1,1 млрд теңгені құрады. Бұл ауданда өңдеу саласының да қарқын алып келе жатқанын көрсетеді.

2025 жылы аудандағы егіс көлемі – 62,2 мың гектарды құрады. Астық дақылдарының жалпы өнімділігі 33,4 мың тоннаға жеткен. Аудан шаруалары көкөніс, жеміс-жидек және майлы дақылдар бойынша да тұрақты өнім алып отыр.

Ауданда мал шаруашылығын дамыту мақсатында:

  • 55 мал бордақылау алаңы,
  • 16 жанұялық сүт фермасы,
  • 7 шағын құс фермасы ашылып, жұмыс істеп тұр.

Бұл нысандар жергілікті нарықты сапалы өніммен қамтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізуде.

Сонымен қатар, «Fish House» ЖШС 500 млн теңге инвестиция құю арқылы балық өсіру жобасын іске қосқан. Бұл жоба аудан экономикасын әртараптандыруға және балық шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Ауданда аграрлық секторды қолдаудың маңызды бөлігі болып табылатын су шаруашылығына да басымдық берілген. Биыл:

  • бірнеше ирригациялық каналдар тазаланды;
  • су арналарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді;
  • шаруалардың егістік алқаптарын сумен қамту жүйесі жақсартылды.

Бұл шаралар өнімділіктің артуына, су шығынының азаюына және алдағы маусымдарға тұрақты су қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Алтын күз – 2025» мерекесі аудан еңбеккерлерінің бір жыл бойғы маңдай терін бағалайтын, аграрлық саладағы жетістіктерді айқындайтын маңызды шараға айналды. Төлеби ауданы алдағы уақытта да ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттырып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды жалғастыруды көздейді.

Қатысты жаңалықтар

МАҚСАТ – ТАТУЛЫҚТЫ ТҰҒЫРЫНАН ТҮСIРМЕУ

bastynews

ШЫМКЕНТТЕ ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТЫҚ ҚЫЛМЫСТАРЫ 10 АЙДА 146 ІСКЕ АЗАЙДЫ

bastynews

ҮЗДІК ПЕДАГОГТЕР 4 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ СЫЙАҚЫ АЛАДЫ

bastynews