Түркістан облысы аумағында орналасқан мектеп және арнайы білім беру ұйымдарының басшыларының басын қосқан «Заң және тәртіп» форумы өтті.
Форумға Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Е.Балгабаев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Б.Тәжібаев, облыстың білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы А.Қасымбекова және Корея елінің Woosong университетімен бірлесе Түркістан қаласында ашылған Woosong Kazakhstan university өкілдері қатысты.

Департамент басшысы Е.Балгабаев өз сөзінде тәжірибе көрсеткендей ұстаздардың өздері білмей «дроппер» болып кеткендерін, сонымен қатар, қаржылық пирамида құрбандарының басым көпшілігі де білім саласының қызметкерлері екенін атап өтті. Одан өзге, дроптардың белгілері мен лауазымды тұлғаның ЭЦҚ кілттерінің маңыздылығын айтты.

«Мінсіз мектеп директорының бейнесі қандай болуы керек? Ол – заң талаптарын берік ұстанатын, адами және кәсіби этиканы жоғары қоятын, әріптестеріне әділ қарайтын тұлға. Мұндай басшы ұжымда сенім мен ынтымақтастық атмосферасын қалыптастырады, педагогтардың құқығы мен абыройын қорғайды, оқушылардың қауіпсіз және сапалы білім алуына жағдай жасайды. Ол сыбайлас жемқорлыққа жол бермейді, мектеп ішіндегі кез келген процесті ашық әрі әділ жүргізеді.» – деді Е.Балгабаев.
Форум аясында Woosong Kazakhstan university өкілдері оқу орнын таныстырып, мектеп бітіруші түлектерді қабылдауға ниетті екендері айтты.
Форум соңында, қатысушылар өз алғыстарын білдіріп, көкейде жүрген сұрақтарына жауап тапқандарын айтты.
#АФМ #Форум # Білім #Түркістан