2025 жылдың жаз айындағы маңызды академиялық кезеңдердің бірі — Tashenev University қабырғасында магистратура білім беру бағдарламалары бойынша диссертациялық жұмыстарды қорғау рәсімінің басталуы. Бұл кезең – магистранттар үшін бірнеше жылдық қажырлы еңбек пен ғылыми ізденістердің, зерттеушілік дағдылардың нақты нәтижеге айналар сәті. Сонымен қатар, жоғары оқу орнының ғылыми әлеуеті мен білім сапасының айқын көрінісі.
Қорғау үдерісінің әділ және ашық өтуі үшін университет тарапынан бірқатар ұйымдастырушылық шаралар қабылданған. Барлық аудиториялар бейнебақылау жүйесімен толық жабдықталған. Бұл академиялық адалдықты қамтамасыз етіп қана қоймай, қорғау барысына деген сенімділікті күшейтеді. Сонымен қатар, диссертациялар алдын ала тексеру жүйесінен өтіп, плагиатқа қарсы электрондық тексеру арқылы академиялық тазалық сақталып отыр.
Университеттің әрбір білім беру бағдарламасы бойынша аттестациялық комиссиялардың құрамы мұқият жасақталған. Олардың қатарына білім беру саласында мол тәжірибесі бар профессорлар, ғылым докторлары, PhD иегерлері мен доценттер тартылған. Бұл — ғылыми еңбектердің жоғары сапада бағалануына кепіл.

Қорғау сәтіне университеттің стратегиялық даму және ғылым жөніндегі проректоры арнайы қатысып, магистранттарға қолдау білдірді. Ол диссертациялық жұмыстардың тақырыптық өзектілігіне, әдістемелік тереңдігіне және практикалық құндылығына ерекше тоқталып, болашақ ғалымдарға сәттілік тіледі.
Қорғауға ұсынылған жұмыстардың тақырыптары да қазіргі ғылым мен қоғам талаптарына сай келіп отыр. Атап айтқанда, жасанды интеллект, цифрлық трансформация, білім беру технологиялары, экологиялық тұрақтылық, бизнес пен менеджмент, құқықтық мәдениет, педагогикалық инновациялар және басқа да заманауи бағыттар қамтылған.
Магистратура бітірушілері үшін бұл кезең – тек академиялық межені бағындыру ғана емес, сонымен қатар болашақ ғылыми-зерттеу немесе кәсіби жолға алғашқы маңызды қадам. Олардың диссертациялары еліміздің ғылыми қауымдастығы мен өндірістік салалар үшін де маңызды практикалық ұсыныстар мен тың идеяларды қамтиды.
Tashenev University ұжымы өз түлектеріне сенім артып, олардың ғылыми ізденістері мен зерттеу машықтарының еліміздің интеллектуалды дамуына серпін беретініне кәміл сенеді. Бұл — университет қабырғасынан түлеп ұшатын жаңа буын ғалымдарының, кәсіби мамандардың болашағына салынған іргелі жол.