Tashenev University базасында мектеп оқушыларына арналған жазғы оқу лагері табысты түрде өз мәресіне жетті. 2025 жылдың 26 мамыры мен 4 маусымы аралығында ұйымдастырылған бұл мазмұнды әрі танымдық бағдарлама Шымкент қаласындағы 300-ден астам оқушы үшін жоғары білім ордасының тыныс-тіршілігімен тереңірек танысуға, университеттің академиялық және ғылыми әлеуетін өз көзімен көруге үлкен мүмкіндік сыйлады.
Жазғы лагерь бағдарламасы оқушылар үшін жан-жақты қызықты әрі пайдалы іс-шараларға толы болды. Қатысушылар университеттің Жасанды интеллект орталығына арнайы экскурсия жасап, заманауи технологиялар мен ғылыми жетістіктерге куә болды. Олар робот техникасы, нейрожелілер, автоматтандырылған жүйелер сынды заманауи бағыттармен танысып, ғылымның болашағына деген сенімін нығайтты. Сонымен қатар, оқушылар университет кітапханасының бай қорын тамашалап, цифрлық ресурстармен, білім базаларымен жұмыс істеуді үйренді. Кітап пен білімге деген құрметті сіңіретін мұндай тәжірибелер жастардың өз бетімен іздену қабілетін арттыра түсті.
Лагерь аясында оқушылар нақты университеттік дәрістерге қатысып, дипломдық және магистрлік жұмыстардың қорғалу процесіне де куә болды. Бұл – мектеп оқушылары үшін сирек кездесетін, бірақ болашақ мамандық таңдауда шешуші рөл атқаратын сәттердің бірі болды. Олардың кейбірі осы күндердің әсерінен болашақ мамандығына нақты бағыт алды.

Лагерьдің жабылу рәсімінде университет ректоры Қанат Байболов барлық қатысушыларға жүрекжарды тілегін арнады:
«Жазғы лагерь – бұл тек университетпен танысу ғана емес, болашақ талапкерлермен ерте байланыс орнатып, олардың бойындағы қабілеттерді тану үшін маңызды алаң. Біздің университеттің есігі білімге құштар әрбір жасқа әрдайым ашық. Біз сіздердің әрқайсыңызды болашақта Tashenev University студенті ретінде көруге ниеттіміз», – деді ректор.
Бағдарлама барысында оқушылар да өз әсерлерімен бөлісті.
9-сынып оқушысы Аяулым:
«Маған әсіресе жасанды интеллект орталығы мен кітапхана өте қатты ұнады. Осындай заманауи университетте оқысам деген арман пайда болды»
Университет ұжымы жастардың ғылым мен білімге деген қызығушылығын арттыру, болашақ мамандарды ерте кәсіби бағдарлау мақсатында мұндай жазғы жобаларды алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғастырмақ. Бұл бастама — жастардың болашағына бағытталған маңызды инвестиция, ал олардың армандары мен мақсаттары — еліміздің дамуына қосылар үлес.