Tashenev University студенттері халықаралық білім кеңістігінде өз жетістіктерімен қуанта отырып, отандық ғылым мен білімнің беделін арттыруда. Соның жарқын дәлелі – Экономика және құқық факультетінің «Қаржы» білім беру бағдарламасы бойынша білім алған 2025 жылғы түлегіміз Дара Ескараеваның үлкен жетістігі. Ол әлемге танымал Милан мемлекеттік университетінің магистратурасына «Экономикалық және саяси ғылымдар» бағыты бойынша толық грант ұтып алып, ай сайын 1300 еуро көлемінде шәкіртақы иегері атанды.
Милан мемлекеттік университеті – QS World University Rankings тізіміне енген, әлемдегі ең үздік жоғары оқу орындарының бірі. Бұл оқу орнында сапалы білім беру, ғылыми инновациялар мен жаһандық интеграцияға бағытталған терең академиялық бағдарлама қалыптасқан. Университет түлектері қатарында Италияның бұрынғы премьер-министрі Сильвио Берлускони және халықаралық саясат пен экономика саласындағы беделді тұлғалар бар. Осындай университетке түсу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін үлкен жетістік.
Дара Ескараеваның айтуынша, бұл табыстың негізінде – Tashenev University қабырғасында алған сапалы білім, халықаралық байқауларға дайындық барысында жинақтаған тәжірибе және ұстаздарының бағыт-бағдары жатыр. Ол IELTS халықаралық емтиханынан 8.5 балл жинап, мықты академиялық портфолио әзірлеген. Дара өз жетістігі туралы:
«Tashenev University ұстаздарына алғысым шексіз – маған халықаралық байқауда сенімділікпен қатысуға мүмкіндік берген терең білім мені алға жетеледі. Мұндай университетке түсу — арман емес, нақты мақсат. Бастысы — өзіңе сеніп, әрекет ету» – деп пікір білдірді.
Оқу орнының Экономика және қаржы кафедрасының меңгерушісі Ержан Амангелдіұлы Бақыров та бұл жетістікті университет тарихындағы маңызды кезең ретінде бағалап отыр:
«Дараның басты ерекшелігі – оның білімге деген жауапкершілігі, табандылығы мен ой-өрісінің кеңдігі. Tashenev University түлегінің Еуропаның беделді университеттерінің бірінде оқуын мақтан тұтамыз. Бұл — біздің студенттерге үлкен мотивация. Биік мақсат қойып, оған біртіндеп жету – әркімнің қолынан келеді».
Tashenev University ұжымы Дара Ескараеваны шын жүректен құттықтап, алдағы магистратура кезеңінде сәттілік тілейді. Жаңа белес – жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Білім мен еңбек — табыстың кепілі екенін дәлелдеген Дарадай жастарымыз көп болсын!